Қазақстандық шенеуніктердің қайсысы отандық QazVac вакцинасын салдырды
Жарияланған күні:
Бүгін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы отандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасын салдырды. Тағы қай шенеунік қазақстандық вакцинаны салдырғаны туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Алғашқылардың бірі болып қазақстандық вакцинаны салдырған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болды.
Министр қазақстандық препаратты клиналық сынақтарға дейінгі көрсеткен нәтижелерінен соң салдыруға шешім қабылдаған. Себебі, ол екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігіне көзі жеткен.
"Оны салдырғаннан бері көп уақыт өтіп кетті. Өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай катаралды құбылыстар байқалған да, болған да жоқ. Дене қызуым көтерілген жоқ", – деген еді Асхат Аймағамбетов өткен жылдың қыркүйегінде.
Өткен жылдың 25 желтоқсанда президенттің көмекшісі Ерлан Қарин да отандық вакцинаны салдырған болатын. Вакцинация сынақ аясында өтті. Сонымен бірге, Ерлан Қарин вакцина сынағына қатысуға өзі бастамашы болғанын атап өткен болатын.
Бірнеше күннен кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың да коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны салдырғаны туралы ақпарат пайда болды. Процедура клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде келісім бойынша жүзеге асырылған.
Ал бүгін таңертең денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Нұр-Сұлтан қаласының 9-емханасында QazVac вакцинасын салдырды. Осылайша, ол халыққа коронавирусқа қарсы отандық препаратты егу науқанын бастап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1909751-qazaqstandyq-seneunikterdin-qaisysy-otandyq-qazvac-vakcinasyn-saldyrdy/