RU

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы атыс: Шекара бекеті өртке оранды, қаза тапқандар бар (видео)

Шекара бекеті
Фото: Telegram / rian_ru

Қырғызстан-Тәжікстан шекарасында атыс болып жатқаны туралы ақпарат тарады. Қырғызстан шекара қызметі Тәжікстанның "Ходжа Аълло" шекара заставасын басып алғанын жариялады, ал Тәжікстан өз кезегінде Достук заставасына оқ жаудырды.

24.kg басылымының хабарлауынша, тәжікстандық әскерилер Қырғызстанның "Қапшығай", "Миң-Булақ», "Достук" шекара бекеттеріне оқ атқан. Басылым мәліметіне сәйкес, "Достук" шекара бекетіне минометтен оқ жаудырылғандықтан, ол өртке оранған.

Бұған жауап ретінде қырғыз шекарашылары Тәжікстан Республикасының "Ходжа Аълло" шекара заставасын басып алды.

"Қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасының барлық периметрі бойынша екі жақтан да қосымша күштер мен құралдар тартылып жатыр", - делінген мақалада.

Бұқаралық ақпарат құралдары екі елдің әскери күштерінің соғысып жатқан сәтінен видеоларды жариялауда.

Sputnik Қырғызстанның хабарлауынша, қырғыз тарапының соңғы мәліметтері бойынша қақтығыста барлығы 31 адам жараланған, бір адамның қаза тапқан.

Ал Тәжікстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, шекарадағы қақтығыстардан үш тұрғын қаза тауып, 31 адам жараланды. Сонымен қатар, Исфара қаласының мэрі Баховаддин Баходурзода жарақат алғаны туралы да белгілі болып отыр деп хабарлайды Sputnik Тәжікстан.

Жанжал өткен түнде басталған. Қырғыз бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қақтығыстың себебі тәжік әскерилерінің Қырғызстанның Көк-Таш ауылындағы "Головной" су тарату орталығына бейнебақылау камераларын орната бастағанынан кейін туындаған.

Жергілікті тұрғындар бұл әрекетке наразылық білдіріп, соңы қақтығысқа ұласқан. Ал Тәжікстан болса, жанжалдың туындауына "қырғызстандық тараптың екіжақты келісімнің шарттарын сақтамауы" себеп болғанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1910410-tazikstan-men-qyrgyzstan-sekarasyndagy-atys-sekara-beketi-ortke-orandy-qaza-tapqandar-bar-video/