Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстанға барады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон. Фото: Ақорда

Жақын күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның шақыруымен Тәжікстанға ресми сапармен барады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.

Берік Уәлидің сөзінше, мемлекет басшысының ресми сапары 19-20 мамырға жоспарланған.

"Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөздер өткізбек. Онда саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайта отырып, қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігін дамытуға басымдық берілмек", - дейді Берік Уәли.

Сондай-ақ ол келіссөздер барысында өңірлік кооперацияны жандандыру, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілетінін атап өтті.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге жеделхат жолдаған еді.

Жеделхатта президент Үндістанда COVID-19 індетінің қатты өршуіне байланысты қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқы және жеке өзі үнді елінің қайғы-қасіретіне ортақ екенін жеткізген.

Мемлекет басшысы коронавирустың шекараға бағынбайтынын, бүкіл әлемге таралып, адамдарға көптеп жұғып жатқанын өкінішпен атап өткен.

Президент індеттен қайтыс болған адамдардың отбасыларына көңіл айтып, дертке шалдыққандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1910940-qasym-zomart-toqaev-emomali-raxmonnyn-saqyruymen-tazikstanga-barady/

pixel