RU

Жұмыстан кеткен: Алматы прокуратурасы Әділовке қатысты мәлімдеме жасады

Ерлан Әділов
Ерлан Әділов. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы прокуратурасы қалалық мобильділік басқармасының экс-басшысы Ерлан Әділовке қатысты қылмыстық іс жоқ екенін хабарлады. Ал басқарма Әділовтің жұмыстан шығып кеткенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Алматы құқық қорғау органдары, соның іщінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде қалалық мобильділік басқармасының бұрынғы басшысы Әділовке қатысты сотқа дейінгі тергеу жоқ.

Ал басқарманың ақпаратынша, Әділов 2021 жылдың 12 сәуірінде денсаулығына байланысты өз еркімен қызметінен кеткен. Қазір қалалық мобильділік басқармасының басшысы қызметіне конкурс жарияланған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алды деген күдікпен мегаполистің мобильділік басқармасы басшысына қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеп жатқанын жазған едік.

Айта кетейік, өткен жылдың маусым айында қала әкімінің өкімімен Ерлан Әділов Алматы қалалық Мобильдік басқармасының бастығы болып тағайындалған болатын.

Ерлан Әділов 1976 жылы өмірге келген.

Ол Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітірген. Көлік және құқықтану салалары бойынша екі жоғары білімі бар. Көлік саласындағы қызметі Алматыдағы "№4 автобус паркі" ЖШС техника қауіпсіздігінің инженерінен басталды.

Мемлекеттік қызметке 2007 жылы келді. 2008 жылдан бастап Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында көлік бөлімінің маманы болды. Аталған басқармада жұмыс атқарған жылдары мемлекетік қызметтің барлық сатыларынан өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1911129-zumystan-ketken-almaty-prokuraturasy-adilovke-qatysty-malimdeme-zasady/