Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатыса ма: Берік Уәли жауап берді
Опубликовано:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатыса ма? Бұл сауалға президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жауап берді.
"Президенттің баспасөз қызметіне БАҚ өкілдерінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатысатын-қатыспайтынын сұраған сауалдар келіп түсіп жатыр.
Ресей тарапынан парадқа шақыру келген жоқ. Сондықтан мемлекет басшысының жұмыс кестесінде Мәскеуге сапар жоспарланбаған", - дейді Берік Уәли.
Айта кетейік, биыл Мәскеудегі Жеңіс парадына қазақстандық әскери қызметшілер де қатыспайды.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатысқан болатын. Алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты парад 9 мамырда емес 24 маусымда өтті. Мемлекет басшысының бөлек, бұл шараға өзге елдің президенттері де қатысты.
Ал биыл елімізде коронавирус пандемиясына байланысты 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру өтпейді.
Өткен жылы да пандемияға байланысты Ұлы жеңістің 75 жылдығына жоспарланған әскери шеру өткізілмеген болатын.
Дегенмен биыл елордада 9 мамырға орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір млн теңгеден беріледі. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер 102 095 теңгеден (35 АЕК) алады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында Ұлы Отан соғысының 25 ардагері тұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1911465-toqaev-maskeudegi-zenis-kunine-arnalgan-paradqa-qatysa-ma-berik-uali-zauap-berdi/