Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағдат Мусин бес министр уәде еткен маңызды мәселені шешуге сөз берді

Жарияланған күні:

Багдат Мусин
Багдат Мусин. Фото: primeminister.kz

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында еліміздегі ауылдарды интернетпен толық қамту мәселесі көтерілді деп хабарлайды Қазақпарат.

"Қашан кең жолақты қолжетімді интернет болады? Осы сұрақ неден туындады десек, жыл сайын сіздің алдыңызда болған министрлер де Парламентке келіп, бір жылға немесе екі жылға шегеріп келді. Осыған дейін 2020 жылы бірінші уәде болды. Сіз енді 2022 жыл деп айтып отырсыз. Осы уәделеріңізден қашан нәтиже болады?!", - деді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусинге қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде министр 2020 жылдың соңына дейін құрған жоспардың ішінде техникалық жағдайларға сай 510 елді мекенде сапасы төмен интернет берілгенін, алайда 2022 жылдың соңына дейін бұл жерлерде интернет сапасы жоғарылайтынын жеткізді.

Осыдан кейін Нығматулин жауапты ведомстводан келесі жылы барлық жоспардың орындалуын сұрады.

"Жас министрсіз, қызметке кіріскеніңізге көп болмады. Жалпы салада атқарылатын жұмыстардан лайықты нәтиже шығарсаңыз. Елден, халықтан ұят емес пе?! Бұрынғы министрлер бес рет уәде берген, белгіленген мерзімді 5 мәрте жылжытты. Бүгін 2022 жылғы мерзімді айтып отырсыз. 2012 жылдан бастап есептесек, 100 пайыз ғаламтормен қамту жоспарына келесі жылы 10 жыл болады екен. Сондықтан 2022 жылы нәтиже күтеміз. Бізден қандай көмек керек, заңнама бойынша қолдауға дайынбыз", - деді мәжіліс төрағасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1912078-bagdat-musin-bes-ministr-uade-etken-manyzdy-maseleni-sesuge-soz-berdi/