Тоқаев Жапония премьер-министрімен телефон арқылы маңызды мәселе талқылады
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Жапонияның премьер-министрі Ёшихидэ Сугамен телефон арқылы сөйлесті. Екі ел басшыларының бірінші рет сөйлесіп отырғанын ескеріп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ёшихидэ Суганы Жапония премьер-министрі болып сайлануымен құттықтап, оның аса жауапты қызметіне толағай табыс тіледі деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына байланысты Жапония халқына жүрекжарды сәлемін жолдап, аталған ауқымды шара адамзаттың коронавирусты жеңгенінің көрінісі болатынына сенім білдірді.
Президент Жапония Үкіметінің COVID-19 індетіне қарсы күресте Қазақстанға көрсеткен қолдауы мен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта еліміз пандемияның салдарын еңсеру үшін нақты шаралар қабылдағанын, халыққа жаппай вакцина егу жұмыстарының, оның ішінде, «QazVac» отандық екпесінің де салынып жатқанын атап өтті.
Тараптар қазақ-жапон қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Жапония Қазақстанға қаржы құйып отырған он ірі инвестордың қатарына кіреді және Азиядағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Бүгінде біздің елімізде Жапония қаржыландыратын 50-ден аса кәсіпорын мен компания табысты жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан президенті қазіргідей әлемдік конъюнктура құбылып тұрған кезде екіжақты ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеру керек деп санайды.
Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларын нақты инвестициялық жобалармен толықтыра отырып, жаңа экономикалық жоспар әзірлеуді ұсынды.
Екі елдің ғасыр ортасына қарай көміртегі дербестігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін ескеріп, жасыл энергетика бағытындағы ынтымақтасты дамыту бойынша да мол мүмкіндіктің бар екені айтылды.
Осыған байланысты мемлекет басшысы жоғарыда аталған мәселелерді талқылау үшін жуық арада Үкімет басшысының орынбасары бастаған қазақстандық делегацияны Жапонияға жіберу туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
Ёшихидэ Суга Қазақстанмен арадағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін нақтылап, қазақстандық делегацияның сапарын ұйымдастыруға ықпал етуге дайындығын жеткізді.
«2022 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Бұл екіжақты байланыстар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізудің маңызды кезеңі болуы тиіс», – деді Жапония Премьер-Министрі.
Ёшихидэ Суганың айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел, мұнда өзге мемлекеттермен салыстырғанда Жапонияның компаниялары көптеп жұмыс істейді.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың өңірдегі, оның ішінде, «Орталық Азия – Жапония» диалогы аясындағы ықпалдастықтың қозғаушы күші болуға мүмкіндігі бар екенін айтты.
Сонымен қатар тараптар халықаралық саясаттың өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасты. Атап айтқанда, Жапония премьер-министрі Солтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ахуалға қатысты өзінің пайымымен бөлісті.
Мемлекет басшылары көпжақты байланыстардың барлық саласы бойынша өзара сенімді диалог пен консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.
Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ёшихидэ Суганы өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1912203-toqaev-zaponiya-premer-ministrimen-telefon-arqyly-manyzdy-masele-talqylady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.