RU

Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне вакциналау интервалын нақты анықтауды тапсырды

Асқар Мамин
Асқар Мамин. Фото: Ақорда

Премьер-министр Асқар Мамин үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрлігіне вакциналау интервалын нақты анықтауды тапсырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазіргі кезде ауру жұқтыру бойынша жағдайдың жақсарғаны байқалып отыр. Дегенмен 6 өңір "қызыл" аймақта. Бұл - Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары. Вирустың репродуктивтілік индексі 0,98 құрайды. Ауруханалардағы орындар – 36, жансақтау бөлімдері 28 пайыз толы", - деді үкімет басшысы.

Асқар Мамин қазіргі таңда вакцинаның бірінші компоненті 1,9 миллионнан астам адамға, екінші компоненті 800 мыңға жуық адамға егілгенін атап өтті.

"Сонымен қатар, қоймалар мен медициналық ұйымдарда вакцинаның бірінші және екінші компоненттері жеткілікті көлемде бар. Вакциналардың қоры үнемі толықтырылып отырады. Вакциналау – жоспар бойынша жүргізілуде. Өңірлерде вакциналауды арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Әкімдер мәселені ерекше бақылауда ұстасын", - деді премьер-министр.

Ол адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиістігіне баса назар аударды. Әсіресе, Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау арасындағы интервалды нақты анықтап, халықтың қалауына назар аудару керектігін ескертті.

"Сонымен қатар шектеу шараларының сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтеу топтарының жұмысын жалғастыру қажет. "Ашық" қосымшасын пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында қызметтер көрсету саласындағы бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды, оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану салаларын одан әрі де кеңейту қажет", - деді үкімет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1913067-mamin-densaulyq-ministrligine-vakcinalau-intervalyn-naqty-anyqtaudy-tapsyrdy/