RU

Мамин құрылыс материалдары нарығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Асқар Мамин
Асқар Мамин. Фото: Ақорда

Еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин үкімет отырысында құрылыс материалдарының негізсіз өсуіне жол бермеу және осы нарықты бақылауда ұстау үшін бірқатар министрлікке тапсырма берді деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Құрылыстың жоғары қарқыны құрылыстағы барлық шығындардың үлесі шамамен 50%-ды құрайтын құрылыс материалдарына қажеттілікті ұлғайтады. Осыған орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды", - деді Асқар Мамин.

Премьер-министр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Одан бөлек, үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақмерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасыз ету тапсырмасы берілді.

Еске салсақ, бұған дейін тұрғындар елімізде құрылыс материалдарының күн санап қымбаттап жатқанына күйінгенін жазған едік.

"Бағаны қадағалап отыратын министрлік болу керек. Шенділер бар. Не қарап отыр? Бағаға қарауы керек. Тұрақты баға енгізуі керек. Ешқандай қадағалау жоқ. Сондықтан осындай болып отыр", - деп жанайқайын жеткізген еді саудагерлердің бірі Айдос Нұрмұхаметов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1917044-mamin-qurylys-materialdary-narygyn-qatan-baqylauda-ustaudy-tapsyrdy/