Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан қаласының экс-әкімі жаңа қызметке тағайындалды

Жарияланған күні:

Рашид Аюпов, портрет
Рашид Аюпов. Фото: facebook.com/rashid.ayupov

Рашид Аюпов Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен, президент әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Рашид Аюпов тағайындалды" делінген хабарламада.

2019 жылдан бері бұл лауазымды атқарған Мейіржан Мырзалиев өз еркімен қызметінен босатылды.

Осы орайда Түркістан қаласының экс-әкімі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзін қолдаған жандарға алғысын білдірді.

“Пайдаға жарамас жан жаратылмаған” деген сөз естігенім бар. Адам да “бір пайдаға жарасам екен” деп іштей әрдайым тілесе керек. Тіпті, “іс-әрекетімнің бір игі іске оң әсері болса, менің де кәдеге жарарымды көрсете білсем” деп іштей қалайтын болар. Сондықтан да шығар қолдан келгенді жасай алар мүмкіндікке асық болатынымыз.

Жасы үлкен кісілердің жылдар бойы аңсаған армандарының бірі орындалып, киелі Түркістанымыз қайта жаңғырып келеді. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен іске асырылып жатқан бірегей жобаға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берген Аллаға сансыз мадақ. Сенім білдіріп, жауапкершілігі мол жобаға бас-көз болуға шақырған Өмірзақ Естайұлына және премьер министр Асқар Ұзақбайұлына алғысым шексіз. Алғашта қабылдануы қиын болғанымен әр жаңашыл өзгеріске қолдау білдіре білген жергілікті тұрғындарға мың рақмет. Әр бастаманың іске асуын қамтамасыз еткен қалалық әкімдіктегі әріптестерімнің еңбегіне разымын.

Жалғыз адамның күшімен ешқандай өзгеріс бола қоймасын сіздер де білесіздер. Ұжымдық жұмыстың арқасында, қоғамдық қолдау болған кезде ғана жобаның шынайы жемісі болмақ. Ендігі, ізімді басар, қаламыздың жаңа әкімі қызметін мойнына алар азаматтың да халық игілігіне атқарар жұмыстарында қолдау көрсетерсіздер деп ойлаймын.

Алла баршамызға абыройлы еңбек етіп, деніміздің сау, жақындарымыздың аман, бұйырған ғұмырымыздың мәнді болуын нәсіп етсін", - деді ол.

Айта кетейік, Рашид Аюпов 1981 жылы Кентау қаласында туған. Білімі жоғары. Шымкент университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университетін бітірген. Информатика бакалавры, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда Патшайым Марияның Лондон университетін (Queen Mary University of London) аяқтаған, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында «Даулет» өндірістік кооперативінің инженер-операторы ретінде бастаған.

2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша Ақпарат және сынақ орталығының операторы, жетекші сарапшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және сынақ орталығы директорының орынбасары және директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының көмекшісі болып қызмет атқарған. 2009-2015 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі, қаржы-шаруашылығы және кадр жұмысы бөлімінің бас консультанты, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшылығы Хатшылығының бас консультанты лауазымдарында еңбек еткен. 2015-2018 жылдары аралығында Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметіндегі «Нұр Отан» партиясының өкілі, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Ақпараттық технологиялар орталығының директоры, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған. 2018 жылдың қыркүйек айынан «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы басқарма төрағасы болып қызмет атқарған. 2019 жылдың шілде айынан бері Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарып келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1917121-turkistan-qalasynyn-eks-akimi-zana-qyzmetke-tagaiyndaldy/