RU

Президент Қорғастағы контейнерлер қозғалысына қатысты Маминге тапсырма берді

Асқар Мамин
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында былтыр транзиттік теміржол тасымалы 17 пайызға артқанын жеткізді. Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның темір жол әлеуетін сақтауды және күшейтуді міндеттеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"Былтыр шамамен 900 мың контейнер тасымалданған. Оның 91 пайызға жуығы Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы тасымалда негізгі рөл атқаратынын сеніммен айтуға болады. Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасын іске асыруда маңызды әрі сенімді серіктесі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз.

Кеңестің көптеген мүшелері, атап айтқанда «General Electric», «Марубени», PWC компаниялары, Дүниежүзілік банк көлік-логистикалық қызметтердің, оның ішінде, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру мәселесіне назар аударды. Бұл, шын мәнінде, шешімін күткен күрделі мәселе.

Үкіметке шекарада, нақты айтқанда, Қорғаста контейнерлер қозғалысының нақты орналасқан жері, жол жүру уақыты, кідіру себептері көрсетілген өтпелі трекинг енгізуді тапсырамын. Ақпараттық жүйе Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілеріміздің арасында құрылатын барлық еркін сауда орталықтарында қызмет етуі тиіс. Қазіргі уақытта көлік қатынасы Үкімет саясатының басым бағыты болып табылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1917136-prezident-qorgastagy-konteinerler-qozgalysyna-qatysty-maminge-tapsyrma-berdi/