RU

Бақытжан Сағынтаев үкіметтен көмек сұрады

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев премьер-министр Асқар Маминнен метрополитен құрылысын тездетуге қолдау көрсетуді сұрады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, қолданыстағы тоғыз бекет жылына 16 миллионға жуық жолаушы тасымалдайды. Салынып жатқан "Сарыарқа" және "Достық" екі жаңа бекеті 2021 жылы іске қосылса, жолаушылар ағыны екі есеге көбеймек.

"Алматы метросын одан әрі дамыту – көлік трафигі мен қала көшелерінде жеке автокөліктер санын азайтудың маңызды факторы. Сондықтан қаланың тұрғын аймақтары мен шағын аудандарын кеңінен қамту үшін жедел қаржыландыру және метроның жаңа тармақтарын салуды қарастыруда үкіметтің қолдауын сұраймыз", - деді Сағынтаев үкімет отырысында. 

Әкімнің сөзінше, қала маңы аймағындағы Талғар, Есік, Қаскелең, Ұзынағаш, Шамалған елді мекендерінен күн сайын қалаға 450 мыңдай адам жеке автокөлікпен қатынайды. Осыған байланысты қала маңында теміржол инфрақұрылымын дамыту және электр пойыздарын енгізу міндеті қойылған.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының өкілдері құрған жұмыс тобы үш даму бағытын ұсынды. Батыс: Алматы – Қаскелең –Ұзынағаш; солтүстік: Алматы – Өтеген батыр – Қапшағай және шығыс: Алматы – Талғар. Осы үш нысанның эскиз схемалары әзірленді. Бұл жедел орындауды қажет ететін жүйелі шешімдер", - деді қала басшысы.

Айтуынша, Алматы-Талғар бағыты бойынша жеке инвестормен бірлесе жұмыстар жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1917744-baqytzan-sagyntaev-ukimetten-komek-surady/