Қазақстан әскерилері Ауғанстан шекарасына қандай жағдайда жіберілуі мүмкін
Жарияланған күні:
Еліміздің Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев ОКҚ-дағы онлайн-брифинг барысында Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси ахаулға қатысты пікір білдіріп, қандай жағдайда Қазақстан әскерилері тәжік-ауған шекарасын күзетуге жіберілуі мүмкін екенін айтты деп хабарлайды Қазақпарат.
Дәндібаевтің сөзінше, Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси ахуал айтарлықтай күрделі.
"Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі ахуал туралы ақпараттарды үнемі жаңартып отыр. Оның ішінде шетелдік әріптестермен, өңірлік ұйымдармен өзара әрекеттерді жіті пысықтап отыр. Сондықтан, аталған бағытта әзірге нақты мәлімет айта алмаймыз. Жағдайды қадағалап, тиісті шешім қабылдап жатырмыз және күту режимінде тұрмыз", - дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Сонымен қатар, ол "Ауғанстан шекарасына тәлібтермен жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстан әскерилерін жіберу жоспарланып отыр ма?", деген сұраққа жауап берді.
Тимур Дәндібаевтің айтуынша, халықаралық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, қолдау үшін қандай да бір контингентті жіберу үшін бірнеше шарт орындалу керек.
"Ол шарттың бірі – екі тараптың бірі Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына көмек сұрап жүгінуі тиіс. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешім шығуы қажет. Әрине, ол шешімді біздің елдің парламенті ратификациялап, халықаралық миссия атқаратын контингенттің жіберілуіне рұқсат беру керек. Осы шарттардың бәрі орындалған жағдайда біз сәйкесінше өзіміздің халықаралық міндеттерімізді орындауға дайынбыз", - дейді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1921727-qazaqstan-askerileri-auganstan-sekarasynda-tynystyq-kuzetuge-ziberile-me/