RU

Ауыл шаруашылығы министрі міндетін кім атқаратыны белгілі болды

Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев. Фото: Primeminister.kz

Үкіметінің қаулысымен Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрдің міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды деп хабарлайды Primeminister.kz.

"Қарашөкеев "ҚазАгро" холдингінің басқарма төрағасы лауазымында, сондай-ақ президент әкімшілігінде, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінде түрлі қызметтерді атқарды", - делінген хабарламада.

Премьер-министр Асқар Мамин 45 жастағы жаңа вице-министрді ведомство ұжымына таныстырды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің батысында малдың қырылуына байланысты ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Сапархан Омаровты отставкаға жіберуді талап еткен болатын.

"Биыл жем-шөппен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін айқын сезіндік. Ауа райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен  жағдай ушығып кетті. Әсіресе Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай қиын. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті. Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңге болды", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Осы орайда президент ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер тарапынан тиісті шаралардың қолға алынбағанын ерекше атап өтті.

"Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді", - деп атап өтті президент.

Оның пікірінше, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алмаған."Сондықтан осы салаға бірден бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін  ", - деп түйіндеді Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1921815-auyl-saruasylygy-ministri-mindetin-kim-atqaratyny-belgili-boldy/