RU

Алексей Цой министр лауазымынан айырылып қалудан қорқа ма

Алексей Цой
Алексей Цой. Фото: mz.gov.kz

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "Время" басылымына берген сұхбатында өз қызметінен айырылып қалу қорқынышы бар-жоқтығын айтып берді. Министр қазіргі кезде денсаулық сақтау жүйесі пандемиямен лайықты деңгейде күресіп жатыр деген пікірде.

Министр "өткен жылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесі науқастар легіне төтеп бере алмағаны үшін жеке жауапкершілікті сезінесіз бе" деген сұраққа жауап бере отырып, бұл жайттарға дертті алдын ала болжау мүмкін болмағаны әсер еткенін алға тартты.

"Сол себепті бұл жағдай пандемия деп танылып отыр. Қазақстанда ахуал мүлде қиын болды деп айтуға болмайды. Тіпті өлім-жітім саны бойынша біз өзге елдердің бірқатарынан төмен тұрмыз. Біз көптеген адамнан айырылғанымыз рас, десе де бүкіл әлемде де дәл осындай жағдай болды", - дейді министр.

Цой құзырлы мекеме бүгінде пандемиямен барынша күресіп жатқанын сөз етті.

"Қазір дертті жұқтыру жағдайы былтырғыға қарағанда көбірек, десе де, мән беріп қарасаңыз, ешқандай дүрбелең жоқ, дәріханалар дәрі-дәрмектерге толы, ауруханалар жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі тәжірибе. Бәлкім, баға беру біздің құзырымызда емес те шығар, бірақ тұтастай алғанда денсаулық сақтау жүйесі барынша жұмылдырылды және қазір пандемиямен абыроймен күресіп жатыр", - деді министр.

Сонымен қатар басылым тілшісі "министрден өз қызметінен айырылып қалу қорқынышы бар-жоқтығын" сұрады. Министр "жоқ" екендігін кесіп айтты.

"Әрине, жоқ. Кез келген тағайындаудың басы мен соңы болады", - дейді ол.

"Маған Денсаулық сақтау министрлігіне басшылыққа көмектесу үшін келу керек екенін айтқан сәттен бастап, қызметіме тағайындалғанға дейін үш сағат өткен шығар. Содан бері мен, отбасымды, өкінішке қарай, көрмей келемін. Біздің ұжым тәулік бойы жұмыс істейді. Біз коронавирустан басқа көптеген жүйелік мәселелерді шешеміз. Қызметке келетін болсақ, бұл басшылықтың сенім артуы. Бос қиялға бой алдырмау керек. Пайдамыз іске асқанға дейін жұмыс істей береміз", - деп қосты министр.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ахуалға байланысты үкімет пен Алексей Цойға ескерту жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1923400-aleksei-coi-ministr-lauazymynan-aiyrylyp-qaludan-qorqa-ma/