Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Pegasus "құрығына" ілігуі мүмкін адамдар тізіміне Смағұлов, Есенов және Әблязов енді

Опубликовано:

Аңду
Көрнекі сурет: pixabay.com

Тағы үш танымал Қазақстан азаматы атышулы Pegasus бағдарламасы арқылы байланыс құралдары тыңдалған болуы мүмкін адамдар тізіміне енді. Мұндай мәліметтерді Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) ресми сайты келтірді.

Бұған дейін бұл тізімге Қазақстанның бірінші тұлғалары, сондай-ақ танымал белсенділер мен журналистер енген болса, бүгінде тізім тағы үш адаммен толықтырылды - кәсіпкерлер Нұрлан Смағұлов пен Ғалымжан Есенов, сондай-ақ қашқын банкир және оппозиционер Мұхтар Әблязов.

Еске салайық, 19 шілдеде 17 әлемдік БАҚ Израильдің NSO Group компаниясының Pegasus тыңшылық бағдарламасына қатысты Amnesty International құқыққорғаушыларымен бірлесіп жүргізген тергеуді жариялады. Авторлардың пікірінше, компания журналистерге, лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлерге тыңшылық жасау мүмкіндігін әр түрлі елдердің билік органдарына сатқан.

Pegasus арқылы тыңшылық жасалған болуы мүмкін адамдардың тізіміне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кірді.

Бағдарламаның өзі қылмыспен күресу үшін құпия түрде қашықтан өзге адамдардың телефондарынан деректерді жинауға мүмкіндік береді. NSO Group болса, бұл бағдарлама азаматтық қоғам өкілдерін, оның ішінде саясаткерлер мен журналистерді аңду үшін қолданылмағанын мәлімдеді.

Көп ұзамай Дәурен Абаев Pegasus шпион бағдарламасы төңірегіндегі шуға қатысты пікір білдірген болатын.

Нұрлан Смағұлов - қазақстандық кәсіпкер, Жаңа Зеландияның Қазақстандағы құрметті консулы, "Атамекен" ҰКП президиумының мүшесі. Құрамына Astana Motors компаниясы, MEGA сауда ойын-сауық орталықтар желісі және "Алматы" қонақ үйі кіретін Astana Group компаниясының президенті және жалғыз иесі.

Ғалымжан Есенов - қазақстандық кәсіпкер, KNG Finance ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы және бақылау кеңесінің төрағасы, оның құрамына ATFBank (Jısan Bank сатып алды), "Альянс Полис" АҚ және "Alliance - Өмірді сақтандыру" АҚ сақтандыру компаниялары кіреді. Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми білім беру қорының негізін қалаушы, Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Қазақстан ММА федерациясының басшысы.

Мұхтар Әблязов - қазақстандық кәсіпкер, Қазақстанның бұрынғы энергетика, индустрия және сауда министрі (1998 жылдан 1999 жылға дейін), БТА Банкі директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысының жетекшісі. Францияда тұрады. 2017 жылы Әблязов қылмыстық қоғамдастық құрғаны және оған жетекшілік еткені, БТА Банкінің қаражатын жымқырғаны және оларды заңдастырғаны, банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны және өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1924510-pegasus-pen-anduga-tuskenderdin-tizimine-smagulov-esenov-zane-ablyazov-endi/

pixel