RU

Тоқаев Никол Пашинянға құттықтау жеделхатын жолдады

Тоқаев Пашинян
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянға құттықтау жеделхатын жолдады деп хабарлайды Ақорда.

Президент Пашинянды Армения Республикасының премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

"Сізге артылған сенім – қоғамдағы тұрақтылықты, бірлік пен келісімді қамтамасыз етуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, Арменияның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған саясатыңыздың кең қолдау тапқанының айқын көрінісі", – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның аса жауапты мемлекеттік лауазымдағы қызметі Арменияның тұрақты дамуы мен ілгерілеуіне, сондай-ақ, Қазақстанмен арадағы екіжақты және көпжақты қатынастарды кеңейтіп, тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы Арменияның премьер-министріне зор денсаулық пен мол табыс, достас армян халқына игіліктер мен өркендеу тіледі.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Никол Пашинянның жаңа парламент отырысының бірінші күні Арменияның премьер-министрі болып тағайындалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

"Конституцияның ережелерін басшылыққа ала отырып, Никол Пашинян Армения Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалсын", – делінген Армения Президентінің жарлығында.

Министрлер кабинеті премьер-министр тағайындалғаннан кейін 15 күн ішінде құрылады. Осыдан кейін, 20 күн ішінде үкімет басшысы Ұлттық ассамблеяға министрлер кабинетінің бағдарламасын ұсынуы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1925147-toqaev-nikol-pasinyanga-quttyqtau-zedelxatyn-zoldady/