RU

Pеgasus "құрығына" ілігуі мүмкін адамдар тізіміне Исекешев, Мыңбаев пен Божко да енді

телефон
Көрнекі фото: pixabay.com

Тағы бірнеше танымал қазақстандық атышулы Pegasus бағдарламасы арқылы бақылауға алынған болуы мүмкін адамдар тізіміне енді. Жаңа есімдер Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) ресми сайтында жарияланды.

Бұған дейін тізімде Қазақстан басшылығы мен танымал белсенділер және журналистер болған еді.

Енді бұл тізімге "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, президент көмекшісі - Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, мәжілістің бұрынғы вице-спикері Владимир Божка қосылған.

Еске салайық, 19 шілдеде 17 әлемдік БАҚ Израильдің NSO Group компаниясының Pegasus тыңшылық бағдарламасына қатысты Amnesty International құқыққорғаушыларымен бірлесіп жүргізген тергеуді жариялады. Авторлардың пікірінше, компания журналистерге, лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлерге тыңшылық жасау мүмкіндігін әр түрлі елдердің билік органдарына сатқан.

Pegasus арқылы тыңшылық жасалған болуы мүмкін адамдардың тізіміне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кірді.

Одан бөлек, Pegasus "құрығына" ілігуі мүмкін адамдар тізіміне кәсіпкерлер Нұрлан Смағұлов пен Ғалымжан Есенов және қашқын банкир Мұхтар Әблязов енген еді.

Сондай-ақ Дәурен Абаев Pegasus шпион бағдарламасы төңірегіндегі шуға қатысты пікір білдірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1925183-pegasus-qurygyna-iligui-mumkin-adamdar-tizimine-isekesev-mynbaev-pen-bozko-da-endi/