RU

Цой президентке ДСМ коронавируспен қалай күресіп жатқанын баяндады

Жансақтау
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есебін тыңдады деп хабарлайды Ақорда.

Президент Алексей Цоймен телефон арқылы сөйлесіп, еліміздегі коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде есебін тыңдаған. 

Министрдің айтуынша, елордада індетті жұқтырушылар саябырлап, эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Дегенмен, соңғы аптада Қазақстанда ауру жұқтырғандардың саны 10 пайызға артқан.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 1 тамыздан бастап елімізде індеттің таралу индексі 1,11-ден 1,01-ге дейін азайып, 9 пайызды құрағаны жөнінде ақпарат берілді.

Алексей Цой Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустың таралу индексі 1 бірліктен төмендегенін, Алматыда 19 пайызға азайғанын жеткізді.

Бүгінгі таңда аймақтардағы 328 медицина нысанында 55 658 науқас емделіп жатыр. Республика бойынша ауруханалардағы төсек-орындардың – 54 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 45 пайызында науқастар ем қабылдауда.

Алексей Цойдың сөзінше, қазіргі таңда 5,9 миллион адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті салынып, екпе алатын тұрғындардың 59 пайызын құраған. 4,5 миллион адамға екпенің екінші компоненті салынып, екпе салынатын тұрғындардың 45,2 пайызы қамтылған.

Еске сала кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда 7657 адамнан коронавирус анықталған еді. Жалпы, ел бойынша ауру жұқтырғандар саны 656 777-ге жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1926729-auru-zuqtyrgandar-sany-10-paiyzga-artty-aleksei-coi-prezidentke-esep-berdi/