Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында еліміздің бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке үкім шықты. Ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Түрксіб ауданының сотында хабарланды.
Мұсайбековке 190 баптың 3-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылғаны хабарланды.
Сот анықтағандай, Мұсайбеков 2021 жылдың 18-21 ақпаны аралығында Мәдениет және спорт вице-министрі бола отырып, меншікке қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған.
"Мұсайбеков пен Алматы прокуроры орынбасарының арасында жасалған кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге сәйкес, прокурор соттан Мұсайбековке алынған пара сомасынан он еселенген мөлшерде - 62 394 00 теңге айыппұл салу жазасын тағайындауды сұрады", - дейді соттан.
Сот шенеунікті кінәлі деп танып, 62 394 000 теңге айыппұл салған.
"Жаза тағайындау кезінде, сот кінәсін мойындау туралы жасалған процессуалдық келісімге сәйкес, Мұсайбековке ұрланған мүліктің он еселенген мөлшерінде айыппұл төлеу түрінде жаза тағайындау туралы шешімге келді.
Сот жаза тағайындарда Сәкен Мұсайбеков жасаған қылмыстық құқықбұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, сотталушының түзелуіне және өмірі мен отбасына қатысты жағдайды ескерді. Үкім заңды күшіне енді", - деп қорытындылады сот.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1926809-buryngy-madeniet-zane-sport-vice-ministri-saken-musaibekovke-sot-ukimi-syqty/