RU

1 млн теңге пара: Қызылорда облысында мәдениет басқармасының басшысы ұсталды

Бизнесмендер
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылорда облысының Мәдениет басқармасының басшысы пара алу бойынша күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өзінің Telegram каналында хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жеке кәсіпкерден объектіні кедергісіз қабылдап, оған тиесілі қаржыны уақытылы аударып беру үшін 1 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысын әшкерелеген.

"Сот санкциясымен күдіктіге қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", - делінген хабарламада.

Осы ретте басқа ақпараттар тергеу құпиялылығына байланысты жариялануға жатпайтыны хабарланды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласы мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын жазған едік.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Агенттікпен бірге, Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларын әшкерелеген.

Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деп күдіктелуде.

Аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1926914-1-mln-tenge-para-qyzylorda-oblysynda-madeniet-basqarmasynyn-bassysy-ustaldy/