Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты тағы да жиын өткізді

Опубликовано:

Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты тағы да жиын өткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Берік Уәлидің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Берік Уәлидің сөзінше, президент Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты кешелі бері екінші рет жиын өткізді.

Жиынға премьер-Министр Асқар Мамин, күштік құрылымдардың, атап айтқанда, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері, бас прокуратура, мемлекеттік күзет қызметінің басшылары мен қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қатысқан.

Жиында Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған.

Сонымен қатар, президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырған.

"Бұл осы елмен бұдан былайғы ынтымақтастық бойынша шешім қабылдау үшін аса маңызды", - деп жазады Берік Уәли.

Естеріңізге сала кетейік, Ауғанстандағы жағдай АҚШ әскерінің елден шығарылуымен күрделене түсті. "Талибан" жауынгерлері ашық шабуылға шығып, қысқа уақыт ішінде мемлекет аумағының көп бөлігін бақылауға алды.

Кейбір провинциялар мен қалалар қозғалыс күштеріне қарсылық көрсетпей-ақ берілді.

Күні кеше "Талибан" Ауғанстан астанасы - Кабулға кірді, бірақ шабуыл жасамады. Билікті бейбіт жолмен беру туралы келіссөздер басталды.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани Кабулға тәліптердің енуіне байланысты президенттік өкілеттігін тоқтатып, елден кетті.

Гани мұндай шешімді Кабулда "қантөгісті болдырмау" үшін қабылдағанын жазды. Айтуынша, "Талибан" өзін ел басшылығынан кетіру үшін осындай әрекетке баруға дайын болған.

Сол арада "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыстың аяқталғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927343-toqaev-auganstandagy-axualga-bailanysty-tagy-da-ziyn-otkizdi/

pixel