RU

Тоқаев пен Мун Чжэ Ин Сеулде бірлескен брифинг өткізді

Мемлекеттік сапар
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына шақырып, шынайы ықыласпен қарсы алғаны үшін президент Мун Чже Инге ризашылық білдіріп, бұл мемлекеттік сапарға ерекше мән беретінін айтты деп хабарлайды Ақорда.

"Екі елдің арасы алшақ болғанымен, халықтарымыз – тағдырлас. Корея – Қазақстанның Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесінің бірі. Қазір сан салалы байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Біз бүгін осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін өзара сенім мен қолдауға негізделген келіссөздер жүргіздік. Ықпалдастықтың тың бағыттарын айқындадық", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы тарихи оқиғалардың екі халықты жақындата түскеніне тоқталды.

"Ондаған мың корей қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың екінші Отанына айналды. Корей жұртының ұлттық батыры, генерал Хон Бом До Қызылорда қаласында жерленгенін жақсы білесіздер. Президент Мун Чжэ Иннің өтінішімен оның сүйегі менің шешіміммен туған жеріне жеткізілді. Бұл шара – біздің елдеріміздің арасындағы өзара сенімнің жарқын көрінісі. Кезінде Қазақстанға жер аударылған корейлердің ұрпағы бүгінде 100 мыңнан асты. Олар мемлекеттеріміздің достық қатынасын нығайта түсуге зор үлес қосып келеді", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттік сапар
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы брифингте өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, негізгі түйткілдерді талқылағандарын, сондай-ақ, бірнеше маңызды келісімге қол қойылғанын айтты.

"Қазақстан Кореямен серіктестікті жан-жақты дамытуға баса мән береді. Біз өзара тиімді әріптестікті жоғары бағалаймыз. Ынтымақтастықты тың қарқынмен жалғастыруға мүдделіміз. Бүгін қабылданған Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме – соның айқын дәлелі. Бұл құжат қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, қарым-қатынасымызды жаңа белеске көтеруге септігін тигізеді деп сенемін.
Екіжақты байланыстардың өзегі – сауда-экономикалық ынтымақтастық. Корея – жоғары технологиясы мен инновациялық өнеркәсібі дамыған қуатты мемлекет. Қазақстан – экономикалық өсімі тұрақты, әрі инвестициялық ахуалы қолайлы ел. Қазірдің өзінде "Таңғы шық елі" Азиядағы сауда серіктестеріміздің ішінде екінші орында тұр. Бұған қоса, Корея еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарына кіреді", – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекеттік сапар
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 15 жылда Корея Қазақстан экономикасына 6 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын, "Samsung", "Hyundai" және "Lotte Group" концерндері – біздің ірі инвесторларымыз екенін атап өтті.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда-саттық көлемі 5,9 миллиард долларға жетті. Алдағы меже – осы көрсеткішті айтарлықтай арттыру. Бүгін біз пандемиядан кейінгі кезеңде шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келістік. Сондай-ақ, "Самал жел" бағдарламасын жандандыруға уағдаластық. Осы арқылы жаңа инвестиция мен жоғары технологияның елімізге келуіне қолайлы жағдай жасаймыз.

Біз түрлі бағыттағы ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл ретте, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау, тау-кен және барлау, баламалы энергетика салаларының болашағы зор. Қазақстанда инновациялық өндірістерге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, коммуникация, ауыл шаруашылығы, медицина және фармацевтика жобаларына баса мән береміз", – деді мемлекет басшысы.

Екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Корея Республикасының Пусан қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.

"Бұл – серіктестігімізді стратегиялық рухта дамытудың тағы бір жолы. Келесі жылы Қазақстан мен Кореяның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Осы орайда біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтіп, нақты іс-шаралар өткізу маңызды екенін атап өттік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927575-toqaev-pen-mun-cze-in-seulde-birlesken-brifin-otkizdi/