Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Экс-қорғаныс министрі Ермекбаев үш жылда қандай істер атқарды

Жарияланған күні:

1
Фото: Қорғаныс министрлігі

Соңғы үш жылда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі қызметін Нұрлан Ермекбаев атқарды. Үш жыл ішінде министрлікке қарасты екі оқ-дәрі қоймасы жарылып, ақыры Ермекбаев отставкаға кетуге өтініш жасады. Осы орайда, өз еркімен қызметтен кеткен экс-министрдің тұсында әскери салада қандай жұмыстар атқарылғанына көз жүгіртейік.

Қарулы күштерді дамыту

Бұл өзі ауыз толтырып айтуға жақсы болса да, көзге көріне бермейтін жұмыс. Дегенмен, еліміздің тарихында алғаш рет 2018 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспары» әзірленді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік старегиясының «Еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту» бөлімі, «Қауіпсіз ел», «Әскери қызмет қауіпсіздігі тұжырымдамасы», «Аумақтық қорғаныстың жалпы міндеттері мен оны ұйымдастыру жүйесі» бекітілді. Бұл екі құжат та сыртқы қоғамға аса білінбесе де, әскери саладағы негізгі құрылымдық өзгерістерге жетелейтін құжат.

Оның сыртында Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін Қарулы Күштердің құрылысы мен даму тұжырымдамасы бекітілді. Бұл бірқатар жаңа реформалар мен іс-шараларды қамтитын стратегиялық құжат деуге болады. Ал Ермекбаевтың тұсында басталған Әуе қорғанысы күштері әскерлерін автоматтандырылған басқару жүйесін (АБЖ) құру жөніндегі жұмыс аяқталуға жақын.

Нұрлан Ермекбаевтың тұсында басталған жұмыстардың бірі ретінде Аумақтық қорғанысты ұйымдастыру жөніндегі негізгі нормативтік құқықтық акттің қайта әзірленуін де айта кетуге болады.

Бұның бәрі ҚР Қарулы күштерін дамыту бойынша атқарылған құжаттық жұмыстар деуге болады.

2
Фото: Қорғаныс министрлігі

Жедел-жауынгерлік даярлық

Әскери саладағы басты ерекшелік, әрине жауынгерлердің даярлығы. Бұл сала министрлікте кім басшы болып отырса да өзектілігін жоғалтпайтыны айдан анық. Десе де, Ермекбаевтың тұсында жауынгерлердің оқу-жаттығуы қалай жүргізілгеніне аздап тоқтала кетсек.

Ермекбаевтың тұсында оған дейін де өткізіліп келген өз елімізде және басқа да елдер аумағында ірі халықаралық оқу-жаттығулар жалғасын тапты.

Олардың негізгісі – «Айбалта-2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы және «Шығыс-2019» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы.

«Айбалта-2019» барысында әскерлерді әртүрлі көлікте жеткізумен түраралық және ведомствоаралық топтарды құру, аумақтық әскерлер бөлімшелерін жедел, барлық қажетті элементтерді (зақымдалған машиналарды жинау пунктін, техникалық көмек көрсету пунктін, ЖЖМ құю пунктін, медициналық пунктті және басқаны) өрістетумен материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру бойынша іс жүзіндегі іс-қимылдар пысықталды.

«Шығыс-2019» оқу-жаттығуында Ресей Қарулы Күштерінің, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің және Ұлттық ұлан бөлімшелерінің қатысуымен іс-қимылдар пысықталды.

Сонымен қатар, әскери қызметшілер Ресей Федерациясында, Беларусь, Тәжікстан, Түркия, Үндістан республикаларында өткен 19 халықаралық оқу-жаттығуға қатысты.

Ал биыл, яғни 2021 жылы мамырда ҚР Әскери-теңіз күштерінің және РФ Әскери-теңіз флоты Каспий флотилиясының бірлескен оқу-жаттығуы өтті.

Сондай-ақ, ширек ғасырдан астам тарихы бар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тарихында алғаш рет екіжақты бригадалық-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Онда механикаландырылған және шабуылдау бригадалары бір-біріне қарсы тұрды. Қарулы күштер тарихындағы алғаш рет жасалған шаралар мұнымен ғана тоқтап қалған жоқ. Автомобиль жолының әуеайлақ учаскесіне ұшақтарды және ұшқышсыз ұшатын аппаратты қондыру алғаш рет пысықталды. Алғаш рет «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерінің компоненттеріне кешенді тексеру жүргізілді. Бұл әскери шара барысында еліміздің шығыс өңірінде қыста және батыс өңірінде шөл далада Арнайы операциялар күштері компоненттерінің іс жүзіндегі іс-қимылы пысықталды.

Ермекбаев министр болып тұрған кезде десанттық шабуылдау бригадасының әскерилері оттегі жабдығын қолдана отырып, аса биік ұшқан тікұшақтан десант түсіруді жүзеге асырды.

Одан бөлек, Қазақстан әскери қызметшілері «Қалқан-2021» бірлескен жедел-тактикалық оқу-жаттығуын ұйымдастыруға және өткізуге қатысты. Бұл шараға ҰҰА бөлімшелері кеңінен тартылды. Ал жауынгерлік даярлықтың нақты өзіне келер болсақ, жедел даярлық қарқыны – 16%-ға, жауынгерлік даярлық – 5%-ға, Әуе қорғанысы күштерін жауынгерлік даярлау іс-шаралар қарқыны – 25%-ға артты. Жауынгерлік даярлық бағдарламасына алғаш рет Армиялық тактикалық оқ ату енгізілді.

Құрылымдық өзгерістер

Қарапайым халықтың қауіпсіздігін сақтау аса маңызды. Ал әскерилердің қауіпсіздігі одан екі есе маңызды. Себебі, қарапайым халықтың қауіпсіздігі көп жағдайда әскерилердің қауіпсіздігіне тікелей байланысты болады. Осыны ескере отырып, Қарулы күштерде әскери қызмет қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Сол себепті де, алғаш рет Әскери полиция бас басқармасында әскери қызмет қауіпсіздігі басқармасы құрылды. Сонымен қатар, дербес әскери басқару органдары: Арнайы операциялар күштері (операциялық модельге кезең-кезеңімен ауысумен), Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, Киберқауіпсіздік департаменттері, Арнайы техникалық әзірлемелер бас басқармасы құрылды.

Нұрлан Ермекбаев қызметке келген жылы Түркістан облысы Арыс қаласында әскери қойма жарылғаны баршамызға аян. Осыған байланысты Оқ-дәрілер бас басқармасы қайта құрылды. Оның құзыретіне оқ-дәрілерді есепке алу, сақтау, қамтамасыз ету мәселелері кірді.

Әскери қоймаларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ қойманы күтіп-ұстау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға нақты жауапты адамды айқындау үшін атыс қаруы мен оқ-дәрілер қоймасының және сақтау орнының бастықтары лауазымдары сержанттар құрамынан офицерлер құрамына ауыстырылды.

Әлеуметтік-тұрмыстық жағдай

Еліміздегі әлеуметтік мәселесі түбегейлі болмаса да, айтарлықтай шешілген саланың бірі осы – Қарулы күштер саласы. Әрине, адаммен, маманмен жұмыс істегеннен кейін, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер болатыны заңды. Нұрлан Ермекбаевтың тұсында әскери саладағы әлеуметтік-тұрмыстық сала қай деңгейде болғанын бір бағамдап көрейік.

ҚР ҚК әскери бөлімдері мен мекемелері қаржылық шығынының жалпы сомасын 2 миллиард теңгеге дейін ұлғайта отырып, офицерлерінің, сержанттары мен сарбаздарының тарифтік разрядтарын арттырды. Ал қаржылық шығынының жалпы сомасын 1,9 млрд теңгеге дейін ұлғайта отырып, шамамен 400 «төменгі буын» офицерлерінің, сержанттары мен сарбаздарының тарифтік разрядтарын көтерді. Олар – механик-жүргізушілер, жүргізушілер, зымыран-артиллериялық қару-жарақ қойма қызметкерлері, сақтау орны бастығы, т.б.

2020 жылғы қаңтардан бастап тек орталық аппаратта ғана емес, сонымен қатар әскерлерде де тоқсан сайын сыйлықақы беру қолға алынды. Сыйлықақы беру жүйесі – сыйлықақыны барлық құрамға есептеуден жұмыс нәтижесі бойынша саралап төлеу қағидатына ауыстырылды. Әскери барлау органы АрнМақ қызметкерлерінің айлығын кезең-кезеңімен 100%-ға ұлғайту, сондай-ақ әскери қызметшілердің ақшалай ризығын ҰҚК Шекара қызметінің ақшалай ризығының 80%-ы деңгейіне кезең-кезеңімен жеткізу жүргізілуде. Бұдан бөлек, ұшқыштар құрамының ақшалай ризығы екі есеге ұлғайтылды.

Алғаш рет С, D, E санатындағы жүргізушілердің жетіспеу мәселесі шешілді. Лицензияланған азаматтық ұйымдармен шарт жасау арқылы 2020 жылы 1500 жүргізуші даярланып, жүргізуші қажеттілігі 60 пайыз шешілді. Ал әскерилердің азық-түлік мәселесі де осы жылы қолға алынып, қазан айында азық-түлік үлесі 1225 теңгеден 1713 теңгеге дейін (өсім 488 теңге немесе 39,8 %) ұлғайтылды. Үлес құны 2017 жылдан бері өзгертілмеген еді.

Әскерилер болса да, қарапайым халық болса да баспана мәселесі қай кезде де өзекті. Осыны ескере отырып, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша заң жобасы әзірленді. Бұл сала бойынша бөлінетін қаржы мөлшері айтарлықтай ұлғайды. Соның нәтижесінде үш жылда 140 пәтер әскерилердің пайдалануына берілді.

Мысалы, Ақтаудағы әскери қалашықта 96 пәтері бар 4 үй пайдалануға берілді. Олар әскери қалашықтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде тез тұрғызылатын ғимараттар жобасы бойынша салынды. Ал 52 пәтер Сарыөзек гарнизоны әскери қызметшілерінің үлесіне бөлінді.

Нұрлан Ермекбаевтың тұсында атқарылған тағы бір жұмыс – ҚК құрамына өндірістік-техникалық және жөндеу-қалпына келтіру бөлімшелері енгізілді. Олардың көмегімен әскери нысандарындағы инфрақұрылым объектілерін ағымдағы жөндеу жедел жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 1,8 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы негізде Қарағанды, Алматы, Семей және Жамбыл өңірлерінде 4 жөндеу-қалпына келтіру взводы құрылды. Олардың санын әлі де көбейту жоспарланып отыр.

Экс-министрдің тұсында экс-жауынгерлерге де құрмет көрсетілді. Анығын айтқанда, 1993-2001 жылдары ТМД-ның Тәжікстан-Ауғанстан учаскесіндегі сыртқы шекарасын күзетуге қатысушыларға «Ардагер» мәртебесін беру бойынша заңнамалық түзетулерге бастама танытылды. Сонымен бірге Әскери зейнеткерлерге санаториялық-курорттық емдеу және емдеу-сауықтыру демалыс орнын таңдау мүмкіндігін беру туралы мәселелер шешілді. Осындай көрсетілетін қызметтерді алуға болатын орындар тізбесі кеңейтілді. Бурабайдағы спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Қару-жарақ пен әскери техника (ҚӘТ)

Қорғаныс саласының басты қажеттілігінің өзі қару-жарақ қой. Қару-жарақсыз қорғаныс саласын елестете де алмайсыз. Ал қазіргі таңда әлемде қару-жарақтың неше түрі өндіріліп, заманауи деңгейде, тіпті болашақта шығады деген қару-жарақ пен техникалардың өзі өндіріліп жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде біздің ел кенжелеп қалған десек те болады. Дегенмен, алғаш рет Алматы қаласында броньды танк техникасын жөндеу бойынша өзімізге меншікті цех ашылды. Ал армияның техникалық жарақталуын арттыру жөніндегі шаралардың арқасында жаңа, күрделі жөнделген және жаңғыртылған ҚӘТ үлесі 33-тен 38,3%-ға арттыру мүмкін болды.

Соңғы үш жылда Қарулы Күштерге Су-30СМ ұшақтары, Ми-35М жауынгерлік тікұшақтары, Ми-171 тікұшағы базасындағы әуеде басқару пункті, ҰҰА кешендері, «Нұр» РЛС, Роса-РБ, биіктігі төмен нысаналар РЛС, «Арлан» БДМ келіп түсті. Қазақстан армиясының тарихында алғаш рет «Бук» ӘШҚҚ әскери зениттік-зымыран дивизионын сатып алдық.

Ал сатып алу бойынша «Тор – М2» зениттік-зымыран кешендеріне, А400М жүк көтергіштігі жоғары қазіргі заманғы әскери-көлік ұшақтарын оларға қызмет көрсету пакетімен жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. 2022 жылдан бастап ҚӘТ-ны сатып алуды қаржыландыру айтарлықтай ұлғаяды. Бұл 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын өте ұзақ мерзімді процесс және қорғаныс әлеуетін, қазіргі заманғы ҚӘТ үлесін анағұрлым арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет ҚӘТ-ны несиемен сатып алуды қаржыландыру енгізілді.

Жөндеу жұмыстары да өз нәтижесін беріп келеді. Соңғы үш жылда 73 қару-жарақ күрделі жөндеуден өтсе, 200 техника жөнделіп, жаңғыртылды.

Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Нұрлан Ермекбаевтың қызметінен кетуіне тікелей қатысы болған оқ-дәрі сақтау мәселесі де оның министрлік тізгінін ұстаған күннен бастап қолына алған салалардың бірі деуге болады. 2018 жылы 7 тамызда министрлікке келген генерал-майор бір жылға жетпейтін уақытта – 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болған еді. Осыдан кейін оқ-дәрілерді ел аумағы бойынша орналастыру мақсатында оқ-дәрілерді сақтау, оны тарата орналастыру әлі де жүргізіліп келеді.

Бүкіл ел бойынша оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтау үшін 2019 жылдың соңында Оқ-дәрілерді сақтау инфрақұрылымын жетілдіру және дамыту кешенді жоспары әзірленіп, іске асырылып келеді. Нақты мүмкіндіктерді ескере отырып, ол 2025 жылға дейін жалғасады. Алайда пандемияға қарамастан, биылдың өзінде жоспардың 50 проценті орындалды.

Ал еліміздегі облыстардың бірінде барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін қазіргі заманғы оқ-дәрілерді сақтау базасын салу жұмысы басталды. Бұдан бөлек, оқ-дәрілерді сақтау базасын және ҚР ИИДМ оқ-дәрілерді жою, өткізу кешенді орталығын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар және тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша заңнама талаптары қатаңдатылды.

Қорғаныс министрлігі жылдық қарқыны 20% болатын оқ-дәріге толы барлық кешенді түгендеуді бастады. Тіпті кейбір оқ-дәрі сақтау базаларында 30 жыл да бір рет те толық түгендеу жүргізілмеген. Сонымен қоса сақтауда тұрған әскери техниканы сұрыптау жүргізіліп жатыр. Қарулы күштерде пайдаланылмайтын әскери мүлікті дербес жою құқығын беру үшін заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Қазіргі таңда жою жұмыстарын ИИДМ жүргізеді.

Инфрақұрылымды дамыту мәселелері

Әскери қоймаларды жаңарту қаншалықты өзекті болса, әскери инфрақұрылымды дамыту да соншалықты маңызды. Бұл тұрғыда елімізді ауыз толтырып айтарлықтай ілгерлеушілік бар деуге де болады. Мысалы соңғы үш жылда Балқаш әуеайлағына күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі заманғы жарық-сигнал жабдығымен жарақтандырылған ұшу-қону жолағы монолитті бетоннан жасалған, түнгі уақытта және күрделі метеорологиялық жағдайда авиацияның барлық ұшақ түрін қабылдауға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерге бастама танытылды, соның арқасында Ақтау қаласында әскери-теңіз госпиталін және Түркістан және Ақтау қалаларында екі әскери әуеайлақ жобаларын салу қарастырылып жатыр. Одан бөлек Нұр-Сұлтан қаласында Қорғаныс министрлігінің жаңа ғимаратын және әскери госпитальдік-клиникалық кешенді салу бойынша жұмыс басталды.

Жеке құрамды ынталандыру және патриотизмді дамыту

Қорғаныс саласы немесе Қарулы күштер қызметі тек қана сатырлаған қару-жарақ немесе сақылдаған бұйырықтан ғана тұрмайды. Рухани жетілу, ұлттық намыс, отансүйгіштік қасиет болмаса, Отан қорғау деген бос әңгіме. Осыны ескере отырып, үздік әскери қызметшіні айқындау бойынша алғаш рет 18 түрлі талаптан тұратын жыл сайынғы «Әскер тарланы» конкурсын өткізу енгізілді.

Ал келесі бір атқарылған жұмыспен мақтанарымызды немесе қамығарымызды білмей отырмыз. Ол – 2019 жылғы 22 қарашада қызметтік міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер құрметіне ҚМ ғимаратында «Мәңгі есімізде» мемориалының ашылуы. Әрине, Отан алдындағы борышын адал атқарып, қызмет барысында қаза болған жауынгер кейінгіге үлгі боларлық. Дегенмен, бұл қаза жауапсыздықтан, басшылықтың кемшілігінен болмағаны маңызды. «Мәңгі есімізде» мемориалы – қаза тапқандар туралы дерекқоры бар қабырға және ақпараттық блок.

Министрлік жанынан Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру үшін «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қоғамдық ұйымдары құрылды. Оның филиалдары еліміздің барлық өңірінде ашылған. Оның сыртында, Ұлттық әскери-патриоттық орталықта құрылған арнайы іздестіру жүйесінің көмегімен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаза тапқан 10 адамның кім болғаны анықталды. Ал ҚР ҚК музейінде алғаш рет Танк әскерлері бөлімі және Жергілікті соғыс бөлімі ашылды.

Халыққа көмек көрсету

Әскр халықты қорғап қана қоймай, оған көмектесуге, кез келген уақытта қол жәрдемін беруге дайын тұруы тиіс. 2019 жылғы қазаннан бастап 8 гарнизонда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге әскери қызметшілерімен «Бірлесіп патрульдеу» пилоттық жобасы енгізілді. Оң нәтиже бар.

Ал әлемді сарсаңға салған коронавирус індетімен күресте де Қарулы күштер сарбаздары қарап қалмады. Нұр-Сұлтан қаласының Бас әскери-клиникалық госпиталі және Алматы қаласының әскери-клиникалық госпиталі инфекциялық стационар ретінде коронавирустық инфекциямен науқастанған пациенттерге медициналық қызмет көрсете бастады. 2020 жылы 906 адам емделіп шықты.

Ермекбаевтың тұұсында Қорғаныс министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын әзірледі. Жобада Қарулы Күштерді жаңғырту, оның ішінде бюджеттен тыс қаржыландыру есебінен жаңғырту көзделген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын қолдау мәселесі де Ермекбаев министр болып тұрған кезде жалғасын тауып жатты. 2021 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Қорғаныс министрлігінің және Бас штабтың құрылымдық бөлімшелеріне 144-тен астам өтінім қарастырды. Цифрландыруға жататын барлық көрсетілетін қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды.

3
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қаржы

Қорғаныс саласына бөлінетін қаржының көлемі әр жылда әр түрлі деңгейде болады. Себебі осы саладағы барлық мәселе қаржымен тікелей байланысты. Осыған орай Қарулы күштер қызметіне алғаш рет функционалдық талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде 1 миллиард теңгені үнемдеу мүмкін болды. Тағы бір айта кетерлігі, Нұрлан Ермекбаев басқарған үш жылда, яғни 2018, 2019, 2020 жылдары министрлік бюджетті жүз процент игерді.

Сонымен қатар, ғимараттар мен құрылыстарды, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдануға рұқсат ету Заңға енгізілді. Бұл іс жүзінде бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

Еліміздегі кемшіліктер мен олқылықтардың негізгі себебі осы жемқорлық мәселесі. Нұрлан Ермекбаевтың кезінде министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық бұзушылықтардың фактілері немесе алғышарттары туралы ақпаратты жедел алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге арналған «Адалдық алаңы» арнайы алаңы ашылды. Сонымен қатар, Әскери полиция бас басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы құрылды.

Әскери медицина

Бүгінгідей коронавирус індеті өршіп тұрған заманда қай мекемеде болмасын медицина саласының дамуы маңызды. 2020 жылы сәуірде жеке инвесторлар есебінен Қарулы Күштерде алғаш рет екі ПТР-зертханасы ашылды. Оның сыртында, Ақтау және Семей қалаларында әрқайсысы күніне 180 ПТР-зерттеуге дейін жүргізу мүмкіндігі бар екі мобильді зертхана кешені қойылды. Ал маман иелері бойынша айтар болсақ, «Жарақаттану кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету» халықаралық курсы (ITLS) бойынша сертификатталған Әскери медицина орталығы базасында (Алматы қ.) 319 адам біліктілігін арттырды. Бұл – ТМД елдері аумағында осы бағдарлама бойынша сертификатталған алғашқы әскери-медициналық мекеме екенін атап өту орынды.

Осы жылдар ішінде 8 әскери-медициналық мекеме Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасап, қызмет ете бастады. Оның бір ерекшелігі тек әскери қызметшілерге ғана емес, азаматтық тұлғаларға да қызмет көрсетеді.

Спорт

Қарулы күштердегі жақсы дамыған саланың бірі осы әскери спорт саласы. Басқаны былай қойғанда әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының спортшысы. Ал Ермекбаевтың тұсында Бүкілқазақстандық қоян-қолтық сайыс қауымдастығының жұмысы жақсы жолға қойылды және Армиялық қоян-қолтық күрес федерациясы құрылды. Қарулы Күштерде қоян-қолтық күрес пен армиялық қоян-қолтық күрес кеңінен таралды. Бұл жастар үшін моральдық-жауынгерлік рухты, дене шынықтыру дайындығын және әскери қызмет тартымдылығын арттырды деуге болады.

Халықаралық қызмет

Қазіргі ақпараттық соғыс пен шиеленіскен ғаламторлық дәуірде сыртпен байланыссыз отыру мүмкін емес. Ал Қорғаныс саласында бұл мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Сондықтан да, бұған дейін де халықаралық алыс-беріс, барыс-келіс жасап келген министрлік Ермекбаевтың тұсында да бұл дәстүрді үзген жоқ. Атап айтар болсақ:

Ливандағы бітімгершілік миссия құрамына алғаш рет жауынгерлік бөлімше жіберілді. Қазіргі уақытта онда 5-ші бітімгершілік контингент қызмет өткеріп жатыр. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қысқа уақыт ішінде арнайы мақсаттағы медициналық жасақ құрылды. 28 әскери дәрігерден тұратын жасақ 2020 жылы тамызда Ливанның Бейрут қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетті.

Әскери-техникалық көмек көрсету шеңберінде 2021 жылғы шілдеде ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында оқу үшін Тәжікстан Республикасына квота саны көбейтілді. Қазақстан Республикасының әскери оқу орындарында әртүрлі мамандық бойынша Тәжікстанның 62 әскери қызметшісі білім алуда.

Өте күрделі және қауіпті жағдайларда 2021 жылғы 18 тамызда С-295 кеме экипаж құрамы Кабулдағы еліміздің елшілерін, сондай-ақ Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша операция жүзеге асырылды. Гуманитарлық операция ретінде бұл ұшақпен Ауғанстаннан ҚР Елшілігіне көмек сұрап келген Қырғызстан, Ресей және Литва азаматтары да шығарылды.

4
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ғылым-білім

«Оқусыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ» дегендей, әскери салада оқудың маңыздылығы, әскери сала маманының өз ісінің білгірі болуы – мемлекеттің, елдің тыныштығына тікелей байланысты. Сондықтан да, оқыту процесіне әскерлердің күнделікті қызметінен алынған, шынайы оқиғаларға негізделген оқу модульдеріне ахуалдық кейстер енгізілді. Бұл мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді логикалық және креативті ойлау тәртіптеріне үйрете бастады.

Әскери ғылымды қаржыландыру арқылы қорғаныстық зерттеулер бойынша ғылыми басымдық алғаш рет енгізілді.

Соңғы кездегі заманауи ҚӘТ-тің мүмкіндіктерін саралай отырып, ҰҰА-ның тиімділігін жоғары бағалауға болады. Әсіресе әскери дрондардың алар орыны ерекше. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда шығарылған «Шағала» ҰҰА-ға далалық сынаулар жүргізілуін ерекше атап өткен жөн.

Әскери оқытылған резервтің жинақталуын ескере отырып, заңнамаға әскери кафедраларда даярлау енгізілді. Бұл тек офицерлерді даярлауға ғана емес, сондай-ақ запастағы сержанттарды да жұмылдыру әлеуетін де арттыруға мүмкіндік берді.

Міне бұл Нұрлан Ермекбаевтың Қорғаныс министрлігіне басшы болып келген соңғы үш жылда атқарылған жұмыстар. Бәлкім бұл ештеңені шешпеуі де мүмкін, бәлкім бұл жұмыстар басшылыққа Ермекбаев келмесе де атқарылуға тиіс міндеттер. Қалай дегенмен де, үш жылда Қарулы күштер саласында көзге көрінетін де көзге көріне бермейтін де игіліктер аз болған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1930921-eks-qorganys-ministri-ermekbaev-us-zylda-qandai-ister-atqardy/