Қазақстан мен Ресей транзиттік әлеуетті күшейту жөнінде келісті
Опубликовано:

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Марат Хуснуллинмен кездесу өткізді деп хабарлайды primeminister.kz.
Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, транзиттік-көлік, құрылыс салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастығының XVII форумы аясында қол жеткізілген жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.
Келіссөз барысында көлік инфрақұрылымының озық дамуы, екі елдің транзиттік әлеуетін күшейту және "Батыс Еуропа-Батыс Қытай", "Солтүстік-Оңтүстік" дәліздері және ЕАЭО кеңістігіндегі басқа бағыттар аясындағы аймақтық көліктік өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан премьер-министрі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізу пункттерін реконструкциялау арқылы көлік әлеуетінің тиімділігін арттыру қажет екенін атап өтті.
Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Биыл елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Осы жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы 12,7 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 26,7%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл 20 млрд доллардан асуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1934982-qazaqstan-men-resei-tranzittik-aleuetti-kuseitu-zoninde-kelisti/