RU

Тоқаев Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

Қасым Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады. Бейнебайланыс режимінде өткен кездесу барысында Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Масацугу Асакаваны қаржы институтының басшысы лауазымына сайлануымен құттықтап, Азия даму банкінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.  

"27 жыл ішіндегі ынтымақтастық аясында Азия даму банкі Қазақстанның экономикасына 6 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Бұл қаржы айтарлықтай қомақты және ынтымақтастығымыздың табысты дамығанын айғақтайды. Арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және ұзақмерзімді әрі өзара тиімді байланыстарды қолдауға ниеттіміз", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ кездесуде 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы серіктестіктің жаңа Стратегиясын әзірлеу мәселесіне ерекше мән берілді.

"Азия даму банкінің Қазақстанға қатысты жаңа Стратегиясында біздің ұлттық басымдықтарымыз бен жоспарларымыз, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, экономиканы әртараптандыру және жасыл экономикалық өсім, теңгерімді аумақтық даму, сауда-экономикалық ынтымақтастық, цифрландыру мәселелері толық ескерілетініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Азия даму банкінің басшысына еліміздегі ішкі жалпы өнім деңгейінің артқаны, инфляцияға қарсы қабылданған шаралар, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, шағын және орта бизнеске көрсетіліп отырған қолдау шаралары туралы айтты.

Өз кезегінде Масацугу Асакава Қазақстандағы пандемияға қарсы қабылданған шараларға оң баға берді.

"COVID-19 індетіне қарсы бағытталған күш-жігерлеріңіз туралы хабардармын. Үкіметтеріңіз белсенді шараларды жүзеге асырып, вирустың өршуін тежеу үшін нақты шешімдер қабылдап отыр.  Ел экономикасына және халықтың әл-ауқатына кері әсер еткен пандемияның салдарын жеңілдету мақсатында ішкі жалпы өнімнің 9,5 пайыз көлеміндегі дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымды пакетін қабылдағаныңызды қолдаймыз", – деді Азия даму банкінің басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1936117-toqaev-aziya-damu-bankinin-prezidenti-masacugu-asakavany-qabyldady/