RU

Еңбек министрлігі зейнетақының орташа көлемін атады

Зейнетақы
Көрнекі фото: expansion.mx

Жыл басынан бері қазақстандықтар 2 триллион теңгеден астам қаражат көлемінде зейнетақы алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды zakon.kz.

"2021 жылдың қаңтар – қыркүйек айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 614,9 млрд теңге, ортақ зейнетақы төлемдеріне – 1 трлн 390,1 млрд теңге бағытталды. 2021 жылдың қыркүйек айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 221,2 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 67,9 млрд теңге, ортақ зейнетақыны төлеуге – 153,3 млрд теңге бөлінді", - дейді еңбек министрлігінде.

Құзырлы ведомство мәліметінше, 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 229 мың адамды құрап отыр.

Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 99 887 теңгені құрауда.

Айта кетсек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Еске салсақ, бұған дейін еліміздегі зейнетақы жүйесіне қандай өзгерістер енгізілетіні туралы жазған едік.

Қазақстанда 2030 жылға дейін зейнетақы жүйесіне елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1936875-enbek-ministrligi-zeinetaqynyn-ortasa-kolemin-atady/