RU

Энергетика министрі: Сұйытылған газ бағасына қатысты түсінік бере алмаймын

Мағзұм Мырзағалиев.
Мағзұм Мырзағалиев. Фото: primeminister.kz

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде сұйытылған газ бағасына қатысты түсінік бере алмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр "Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы" халықаралық конференциясынан кейін сұйытылған газ бағасына қатысты БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

"Шынымды айтсам, бағаға қатысты түсінік бере алмаймын. Өйткені, сұйытылған газ бағасы реттелмейді. Оны нарық реттеп отырады. Сұраныс болса, ұсыныс та болады", - дейді ол.

Мағзұм Мырзағалиев сұйытылған газ тапшылығы мәселесі туындағанын жоққа шығармады.

"Шынымен де, тапшылық проблемасы орын алды. Бұл жайт жазда Теңізшевройл компаниясының күрделі жөндеуге көшуімен байланысты болды. Қазір жағдай түзеліп келеді. Яғни, газ өңірлерге жедел жөнелтіліп жатыр", - деді Энергетика министрі.

Министрдің атап өтуінше, мұнай өнімдеріне, оның ішінде газға баға мұнай бағасының негізінде арақатынас орнату арқылы реттелуі керек.

"Бүгінде мұнай бағасы өсіп келе жатыр. Соңғы бірнеше айдың ішінде баға 84 долларға дейін жетіп отыр. Соған орай мұндай трен орын алуы мүмкін", - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Еске салсақ, бұған дейін Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанның ішкі нарығына дизель отынын жеткізу жағдайын тұрақтандыру қазанда күтілетінін айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1937024-energetika-ministri-suiytylgan-gaz-bagasyna-qatysty-tusinik-bere-almaimyn/