RU

Президент "Astana Group" компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұловты қабылдады

1
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті "Astana Group" компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Нұрлан Смағұловты қабылдады. Кездесу барысында мемлекет басшысына компания жұмысы мен даму перспективалары туралы ақпарат берілді деп хабарлайды Ақорда.

Атап айтқанда, Нұрлан Смағұлов Қасым-Жомарт Тоқаевқа компаниялар тобының бюджетке төлеп отырған салық мөлшерінің 90 миллиард теңгеге дейін артқаны, экспорт тасымалының өскені, сондай-ақ жеңіл техника шығаратын зауытты кеңейтуге және Алматы қаласындағы бейнелеу өнері музейінің құрылысына қатысты жоспарын айтты.

Президентке "Мега" сауда орталықтарының халыққа екпе салу науқанына атсалысып жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Нұрлан Смағұловтың айтуынша, аталған сауда орталықтарында 150 мыңнан астам адамға вакцина салынған.

Сонымен қатар, бизнесмен Президентке бюджеті 1 миллиард теңге болатын өзінің қайырымдылық қорының қызметі туралы да айтты. Қор мәдениет пен спортты дамытуға әлеуметтік-қаржылай қолдау көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетеді.

Бұдан бөлек Нұрлан Смағұлов еліміздің Велоспорт федерациясының президенті ретінде Мемлекет басшысына балалар мен жасөспірімдер спортының жағдайы және "Astana – Premier Tech" велокомандасының ребрендингі туралы баяндады. Велокоманда 2022 жылдан бастап "Astana Qazaqstan Team" деп аталатын болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның бастамаларына оң баға беріп, табыс тіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1937881-prezident-astana-group-kompaniyasynyn-negizin-qalausy-nurlan-smagulovty-qabyldady/