RU

Тоқаев Мирзиеевті президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Өзбекстан Республикасының президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, өзбек көшбасшысының сайлаудағы сенімді жеңісі оның стратегиялық бағдарының жалпы халықтық қолдауға ие болғанын тағы бір мәрте дәлелдеді деп атап өтті.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің бауырлас екі халық арасындағы көп ғасырлық достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқанын айтты.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің мол әлеуетін толық жүзеге асыру және Орталық Азиядағы өзара сенімді нығайту мақсатында бірлескен жұмыстарды белсенді жалғастыруға  дайын екенін нақтылады.

Қазақ-өзбек қатынастарына іс жүзінде тың серпін беру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Sputnik Өзбекстан хабарлағандай, Шавкат Мирзиёев 80,1% дауыс жинады. 25 қазандағы (жергілікті уақыт бойынша) сағат 16:00-дегі мәліметтерді Өзбекстан Республикасы ОСК төрағасы Зайниддин Низамходжаев мәлім етті.

ОСК түпкілікті нәтижелерді шығаруға 31 қазанға дейін уақыты бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1938847-toqaev-mirzieevti-ozbekstan-prezident-sailauyndagy-zenisimen-quttyqtady/