RU

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Антикор" жүргізіп жатқан тергеуге байланысты мәлімдеме жасады

Ақша алу
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ауыл шаруашылығы министрлігі cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізіп жатқан тергеуге байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұған дейін cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қаражатты бөлу және пайдалану процестерін тексеруге кіріскен болатын.

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады. Министрлік президенттің тапсырмасы бойынша субсидиялау үдерістерін жетілдіріп жатқаны хабарланды. Олар cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге проблемаларды анықтайтын жұмыс тобын құрды.

"2021 жылғы 9 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды.

Тексеру жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзірленді.

Олар субсидиялау бағыттарын оңтайландыруды және олардың тетіктерін жеңілдетуді көздейді. Бұдан басқа, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімділігі қамтамасыз етілетін болады. Бұдан бөлек, субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштермен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелер алуы арқылы олардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізілетін болады", – делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығының заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру, оған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жұмыс жүргізілуде.

"Тиісті заң жобасы қазір парламент мәжілісінде қарастырылуда. Адами фактордың бұл процестерге әсерін болдырмау мақсатында жануарларды есепке алу және жануарлар туралы ақпаратты АШЖБ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) дерекқорына беру процестерін автоматтандыру бойынша ветеринария саласының қызметін цифрлық форматқа көшіру жоспарлануда", – деп хабарлайды министрлік.

Жалпы, субсидиялау тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынылатын шаралар барлық мүдделі мемлекеттік органдармеен және ұйымдармен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен талқыланатын болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1940779-auyl-saruasylygy-ministrligi-antikor-zurgizip-zatqan-tergeuge-bailanysty-malimdeme-zasady/