RU

Қазақстандықтар кәсіпкерлік негіздерін оқып, табысты жобаларды іске асыруда

Инфографика
Инфографика: NUR.KZ

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін жоспардағы 30 мың адамнан 9 айда 33 мың адам оқыған, яғни жоспар асыра орындалды.

Жоғары белсенділік

Кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау Бизнес» жобасы 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Биыл жоба республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын, 14 облысты, 160 аудан мен моноқалаларды, сондай-ақ облыс орталықтарын қамтыды.

Айта кетерлігі, пандемия жариялануына байланысты «Бастау Бизнес» бойынша оқыту 2020 жылдан бері «Atameken Academy» онлайн платформасында қашықтан жүргізіліп келеді. Оқу мерзімі – 21 күннен аспайды, оқуды аяқтағаннан кейін қатысушылар курстан өткендігі туралы сертификат алады.

Биыл «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін 30 мың адамға оқыту жоспарланған. Алайда бұл жоспар 9 айда артығымен орындалды. Осы жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 6 лек онлайн оқыды. Оқуды 33,4 мың адам бітірді, бұл 111 пайызға тең.

Курсты оқыған жалпы қатысушылардың ішінде бизнес-жобалар қорғап, оқуды бітіргендігі туралы сертификат алғандар – 32 мың адам. «Бастау Бизнес» жобасының түлектері түрлі салаларда жеке ісін ашып жатыр. Олардың кейбірі мал басын көбейтіп, егіншілікпен айналысып жатса, кейбіреулері кафе, шағын орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін кабинеттер, ателье немесе наубайханалар ашып жатыр.

Аграрлық секторды таңдайды

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Бастау Бизнес» түлектері бастаған жобалардың басым бөлігі ауылшарауашылығы қызметі түрлеріне жатады. Оқуды бітірген қазақстандықтар бастаған бизнес жобалардың ел бойынша орта есеппен 60 пайызы ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялар болса, 40 пайызы ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет салалары екен.

Өңірлер арасында жеке бизнесін ашу үшін аграрлық секторды көбінесе Жамбыл (83%), Қызылорда (76%) және Шығыс Қазақстан (75%) облыстарының тұрғындары таңдаған. «Бастау Бизнес» жобасының 2021 жылғы түлектері қорғаған жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығындағы барлық бағыттар шоғырынан ірі қара малдың сүтті тұқымдарын өсіруге бағытталған – 10 767 жоба (56%).

«Бастау Бизнес» аясында оқығандар басқа қызмет салаларынан көбінесе тігін цехтарын, ателье және тоқыма киімдері мен аксессуарлар өндіретін компаниялар ашуда – 2 356 жоба (18,5%).

Жоба табысы

«Бастау Бизнес» жобасы іске қосылған 5 жылдың ішінде Қазақстанда 184 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, соның ішінде 54 мыңы жеке ісін ашты.

Түлектердің өнімдері
Түлектердің өнімдері. Фото: «Атамекен» ҰКП

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәлімет бойынша, жоба түлектері жеке ісін негізінен ауыл шаруашылығы саласында ашып жатыр – 31 мың (56%). Сүт бағытындағы ірі қара тұқымдарын өсіру (35,4%), ет бағытындағы ірі қара өсіру – репродукция (14,7%), қой шаруашылығы мен ешкі бағу (14,5%), ет бағытындағы ірі қара өсіру – бордақылау (8,8%) сынды жобалар басым.

Басқа қызмет салаларындағы жобалардың басым бөлігі, яғни 44 пайызы қызмет көрсету және сауда-саттық бағыттарына тиесілі.

Түлектердің өнімдері
Түлектердің өнімдері. Фото: «Атамекен» ҰКП

5 жыл ішінде «Бастау Бизнес» түлектері 70 мың жұмыс орнын құрған.

Бүгінгі таңда "Бастау Бизнес" жобасы аясында бизнесті ашу және кеңейтуге қатысты мақсатты көрсеткіштер толығымен орындалды. 10 мың жоба жоспарланып, 15 280 жоба іске асырылған, соның ішінде 3 692 адам өткен жылдарда оқыған түлектер. Қаржыландыру көздері бойынша: 11 440 адам бизнесін гранттық қаржыландыру және 3 840 адам шағын несие есебінен жүзеге асырған.

Түлектердің өнімдері
Түлектердің өнімдері. Фото: «Атамекен» ҰКП

«Бастау Бизнесті» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалады.

«Елдің дамуы оның азаматтарының хал-ахуалына тікелей байланысты, сондықтан өзім жоғары бағалайтын «Бастау Бизнес» жобасының барлық қатысушысына табыс тілеймін. Бұл жобаны ел бойынша жалғастыруымыз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев «Бастау Бизнес» жобасының бес жылдығына арналған бейнеүндеуінде.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жоба аясында оқу оқып, жеке бизнесін іске асыратын тұлғалар үлесін 2025 жылы қазіргі 30 пайыздан 60 пайызға арттыру жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942752-qazaqstandyqtar-kasipkerlik-negizderin-oqyp-tabysty-zobalardy-iske-asyruda/