Цой денсаулық сақтау министрі қызметінен не себепті кеткенін түсіндірді

Опубликовано:

Алексей Цой
Алексей Цой. Фото: instagram.com/alexey_tsoy

Экс-денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз қызметінен не себепті кеткенін түсіндірді. Ол Facebook парақшасында жазба жариялады.

Бұрынғы министр азаматтық секторға өтіп, ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешім қабылдағанын айтты. Ол министр қызметінде атқарған жұмысының қорытындысын шығарды.

Алексей Цой өз басшылығы кезінде министрлік эпидқатерге ден қою үшін жағдай жасай алғанын атап өтті:

  • әр өңірде жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынды;
  • жедел жәрдем көліктері, ӨЖЖ аппараттары, ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер паркі жаңғыртылды;
  • отандық фармацевтика өнеркәсібі өнімділіктің жоғары өсімін көрсетуде;
  • дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті қоры жасалды;
  • СЭС пен зертханалық қызметтің әлеуеті артты;
  • QazVac вакцинасы әзірленді.

"Аз уақыт ішінде ғана денсаулық сақтау саласы нығайды, біз жүйелі негізде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтере алдық, ҚАЖК медициналық қызметін денсаулық сақтау министрлігіне өткізу, фармацевтика өнеркәсібі, биологиялық қауіпсіздік, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мен басқа да көптеген заң жобасын әзірледік",- деп жазды Цой.

Ол денсаулық сақтау министрлігін басқарған уақытта "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы бекітілгенін, ДДСҰ, ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның басқа да агенттіктерімен өнімді серіктестік орнатылғанын, денсаулық сақтауды цифрландыру жобалары іске қосылғанын жеткізді.

"Мемлекет басшылығына, президент әкімшілігіне, премьер-министрге, үкіметтегі әріптестеріме, денсаулық сақтау министрлігіне, барлық жергілікті атқарушы органға, азаматтық секторға, БАҚ-қа, еріктілерге, үкіметтік емес ұйымдарға және қымбатты медицина қызметкерлеріне сенім білдіргені және Қазақстан халқының игілігі үшін бірлесіп атқарған орасан зор жұмысы үшін алғысымды білдіргім келеді.

Жақын арада біз еңбек жолының жаңа векторын анықтаймыз. Алда жаңа жобалар күтіп тұр. Баршаңызға жақсылық, зор денсаулық және жақсы көңіл-күй тілеймін",- деп қорытындылады экс- министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1947495-aleksei-coi-densaulyq-saqtau-ministri-qyzmetinen-ne-sebepti-ketkenin-tusindirdi/