Нұр-Сұлтан қаласы 2021 жылы 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартты

Опубликовано:

Көшедегі адамдар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елорда қанша инвестиция тартты және қала кәсіпкерлеріне қандай қолдау көрсетіп келеді? Елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасында 2021 жылға арналған негізгі көрсеткіштердің өсуі туралы айтылды деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша басқарманың негізгі көрсеткіштері 1 трлн, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,8% өсіммен 1 трлн теңгеден асты.

Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімі көлемінің 14%-ға артқаны байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде 1,1 млрд. теңге сомасына өнім өндірілді. Айта кетейік, елордада өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары: металлургия, машина жасау, өзге де металл емес минералды өнімдер мен сусындар, тамақ өнімдерін өндіру болып табылады.

Осы орайда бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 1 312 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштерден 7,7%-ға асты.

Басқармада сондай-ақ карантиндік шектеулерге қарамастан, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13%-ға артып, 161 622-ні құрағанын атап өтті. Осы жылдың қаңтар-маусымында шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында жұмыспен қамтылғандар саны тиісінше 401,1 мың адамға дейін (11,9%-ға) өсті. Өз кезегінде, ШОБ субъектілерінің өсуі шығарылатын өнімнің 3 981,7 млрд теңгеге ұлғаюына алып келді.

"Іске асырылып жатқан шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында 89 млрд.теңге инвестиция сомасына 1 700-ден астам жоба мақұлданды. 2022 жылы ШОБ саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша өсу қарқынын сақтау жоспарланып отыр. Бұған осы жылдың қазан айында қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба ықпал етеді", – делінген ведомство хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1949004-nur-sultan-qalasy-2021-zyly-1-trln-tengeden-astam-investiciya-tartty/