"Қарапайым тұтынушы зардап шегеді": Мәжіліс депутаттары Смайыловқа сауал жолдады
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаттары елде болып жатқан наразылық шерулеріне қатысты пікір білдіріп, үкіметке депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілісмендердің премьер-министр міндетін атқарушы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалын Бақытбек Смағұл оқып берді.
"Біз бәріміз бұл күндері Жаңаөзенде, Ақтауда болған оқиғаларға күйзелдік. Ел президентінің жедел шешімі мен жеке бақылауы жағдайды шешуге, өзара тиімді шешім қабылдауға кепілдік берді. Ал енді бәріміз тыныштық пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және өзара тиімді шешім қабылдауға, Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей жауапкершілік танытуға тиістіміз", - деді Смағұл.
Ол сұйытылған газ тапшылығы, саладағы баға белгілеуге қатысты мәселелерді мәжілісмендер бірнеше рет көтергенін атап өтті. Олардың бірқатары реттелсе де, бірсыпырасы шешімін таппаған.
"Біріншіден, энергетика министрлігі бағаның бұлайша өсуін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың 100 пайыз электронды сауда алаңы арқылы сатылатынын түсіндірді. Үш жыл ішінде заң күшіне енгеннен кейін сауда алаңында нарықтық тетіктер қалыптасып үлгермеді. Сауда-саттықты энергетика министрлігі қолмен басқару режиміне өткізді. Бұл электронды алаңдар тетігінің беделін кетіріп, нәтижесіне қол жеткізбеді. Сөйтіп, бүгінгі күні дағдарыстық жағдайға әкеп тіреп отыр", - деді депутат.
Бақытбек Смағұл Қазақстанда сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспағанын айтты. Соның кесірінен сұйытылған газ тапшылығы бар. Оның көрсеткіші 2021 жылы 15 пайызға жетті.
"Бірқатар аймақта сауда-саттық нәтижесінде көтерме баға керісінше төмендегенін көріп отырмыз. Бұл сауда-саттықты өткізу процедурасының өзінде және бөлшек сауда бағасын қалыптастыруда проблемалардың бар екенін көрсетеді. Үкімет бұл мәселені қарастырып, шешуі керек", - деді мәжілісмен.
Ол көтерме сауда нарығында алыпсатарлықты жою және сауда-саттық ашықтығын арттыру мақсатында былтыр парламент биржалық сауданы ұйымдастыру туралы заң қабылдағанын еске салды. Заң күшіне енсе де, энергетика министрлігі сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін әзірлемеген.
"Осы өзекті мәселелерді реттемейінше, бізде бағаның шарықтауы сұйытылған газға ғана емес, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көптеген түрінен байқалатын болады. Түптеп келгенде, бұдан қарапайым тұтынушы зардап шегеді", - деді депутаттар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1949853-qarapaiym-tutynusy-zardap-segedi-mazilis-deputattary-smaiylovqa-saual-zoldady/