RU

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметіне кірісті

тоқаев жаңа сурет
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгіннен бастап Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет ететінін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Қазақстан президенті ел халқына жолдаған кезекті үндеуінде айтты.

"Президент ретінде, мен, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға, Қазақстанның тұтастығына алаңдауға міндеттімін. Менің қабылдаған шараларым көп ұлтты Қазақстанның игілігіне бағытталған. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болып тұр.

Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті.

Сондықтан мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Халық мені қолдайтынына сенімдімін. Қандай жағдай болса да мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім.

Біз жұмыла отырып, Қазақстан тарихындағы осы сын сағатты бірге еңсереміз. Бұдан шыңдалып шығамыз. Жуырда Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарымды жариялаймын. Мен дәйекті реформаларды бұрынғыдай жалғастыра беремін", - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз үндеуінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1949939-toqaev-qauipsizdik-kenesinin-toragasy-qyzmetine-kiristi/