RU

Президент: Елде экономикалық өсімнің негізгі пайдасын қаржы-олигархиялық топтар көрді

Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісінде сөйлеген сөзінде биылғы жылдың басында елімізде болған қайғылы оқиғалар елеулі әлеуметтік-экономикалық проблемалардан және барлық мемлекеттік органның тиімсіз, дәлірек айтқанда сәтсіз қызметінен туындағанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Билік құрылымдарының өкілдерінде адамдардың өмірі, олардың арман-мақсаттары мен сұраныстарына қатысты бұрмаланған көрініс қалыптасқан. Теңсіздік проблемасы ушығып кетті. Орташа табыс көзі қағаз жүзінде өсіп жатқандай боп көрінгенімен, жағдай жылдан жылға күрделеніп жатыр", - деді Тоқаев.

Президент мұндай орташа табыстың артында мүліктік алшақтық мәселесі жасырынып жатқанын алға тартты.

"Қала тұрғындарының көптеген өзекті мәселелері шешілген жоқ. Әл-ауқат пен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету - мемлекеттің басты міндеті. Айтылғандарды сөз жүзінде қалдырмай, нақты істерге көшу қажет. Халықтың барлық тобының табысы экономиканың өсуіне қарай артуға тиіс. Бұл - біздің жағдайда жұмыс істемейтін аксиома.

Елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жүйе ұлттық табыстың жалпы өсімін қамтамасыз етуде жеткілікті тиімділікті көрсетті, бірақ оны бөлу тұрғысынан тиімсіз болып отыр. Сіздер мұны жақсы түсінесіздер және білесіздер. Экономикалық өсімнің негізгі пайдасын қаржы-олигархиялық топтар көрді. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті", - деді президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу қажеттігін де айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1950487-toqaev-elde-ekonomikalyq-osimnin-negizgi-paidasyn-qarzy-oligarxiyalyq-toptar-kordi/