Сағынтаев Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қайда болғанын айтты (видео)

Опубликовано:

Алматы әкімі
Видеодан кадр: Instagram/informburo31

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев журналистерге берген сұхбатында қалада жаппай тәртіпсіздік орын алған күндері қайда болғанын айтып берді. Қала басшысы шерушілер алдына не үшін шықпағанын да түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сағынтаев тілшілерге берген сұхбатында қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні штабта жұмыс істегенін жеткізді. Ол қаладағы жағдайды жоғары басшылыққа баяндап отырғанын айтады.

"Біз бәріміз штабта, жұмыс орнымызда болдық. Ешкім ешқайда кеткен жоқ. Алғашқы түні таң ата мен мәлімдеме жасадым. Келесі күндері біз штабта отырдық. Менің негізгі міндетім Қорғаныс министрлігімен, ІІМ-мен, әкімшілік жетекшілерімен байланыс ұстау болды. Біздің қарамағамызда ПД, ҰҚК департаменті бар, олардың бірінші басшыларға шығу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан осындай жұмыстар менің мойнымда болды.

Бұл іс-қимылды біз бағдарлап отырдық. Мен әр 5-10 минут сайын жоғары басшылықпен сөйлесіп, жағдайды, ТЖ енгізу, қалаға қосымша күштер тарту туралы баяндап отырдым. Сондықтан бізді үндемей, тыныш отырды деп айту орынсыз. Бәлкім бұл жұмыс көзге көрінбеген шығар. Ол туралы айтпауға да болады. Ал қосымша күш келіп, арнайы жасақ алаңды тазартқан соң, біз әріптестермен бірге алаңға, әкімдікке келдік. Бізге сол жерде оқ жаудырды. Олар бізді күтіп тұрған. Біздің жүріп келе жатқанымызды білген. Олар біздің бағыт-бағдарымызды да біліп алған. Жан-жағымыздан атты", - дейді Алматы әкімі.

Ол қызметтік көлігіне тасадан оқ жауғанда өзінің қалай аман қалғанын айтты.

"Менің жолым балған шығар. Екіншіден жүргізушімнің кәсібилігінің арқасы. Оқ жарақатын алғанына қарамастан ол көлікті сол учаскеден шығара алды. Олар біздің соңымыздан қуды, оқ атты. Өкінішке қарай, сол күні әріптесімізден айырылдық. Телеарнаның көлік жүргізушісі бізбен бірге қатар жүрген еді. Ал оқ тиіп, жарақат алғандарға операция жасалды, қазір өздерін жақсы сезінеді", - дейді қала басшысы.

Cағынтаевтың сөзінше, тәртіпсіздік кезінде қаладағы барлық күштер жұмылдырылған, алайда ешқайсысы қару қолданбаған.

"Ұлттық ұлан, полиция қызметі, әскери курсанттардың үлкен контингенті болды. Бірақ ешқайсысының қолында қару болған жоқ. Олар тек щиттер мен дубинкалар ұстады. Жиналғандарды қуу мақсатында дыбысты гранаталар қолданды. Бар болғаны сол. Басқа ештеңе болған жоқ. Егер жан-жағыңыздан шабуыл жасап, қарумен, таспен, темір құралдармен ұрса, қалай болар еді?

Өздеріңіз видеолардан көргендей, көшеде өрт сөндіру көлігін тартып алып, ғимараттарды соқты, автобустарды өртеді. Олардың содырлар сияқты жүргенін көздеріңіз көрді. Мұндайды біз Сирия, Ливиядан көретін едік. Жеңіл көліктің барлық терезесін ашып қойып жүрген қарулы адамдар тобы жүрді. Мыңдаған адам полицияға шабуыл жасады, ал олардың қолында қару болған жоқ", - дейді ол.

Қала әкімі тәртіпсіздік кезінде полиция мен әскерилер неліктен қару қолданбағанын түсіндіріп өтті.

"Қолға қару алып, ата беруге болмайды. Оған бұйрық керек. Соның өзінде қала бойынша бірде-бір полиция бөлімшесін олар ала алмады. Қорғап қалды. Өз объектілерін, ондағы оқ-дәріні сақтап қалу үшін полицейлер көз жұмды. Атысты бандиттер, террористер бірінші болып бастады", - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1950891-sagyntaev-almatydagy-tartipsizdikter-kezinde-qaida-bolganyn-aitty-video/