Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алаңдаушылық туғызады": СІМ Еуропарламенттің Қазақстандағы жағдайға қатысты қабылдаған қарарына пікір білдірді

Жарияланған күні:

Сыртқы істер министрлігі
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің Қазақстандағы жағдайға қатысты қабылдаған қарарына пікір білдірді. Ведомствоның мәлімдемесі СІМ сайтында жарияланды.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы соңғы наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге байланысты адам құқықтарын қорғау туралы қарар қабылдаған болатын.

Құжатта халықаралық тергеуді бастау, сондай-ақ кейбір қазақстандық шенеуніктерге жеке санкциялар қолдану ұсынылған.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады.

Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз", - делінген хабарламада.

СІМ мәліметінше, қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпараттар мен түсіндірулер сұрамаған.

Сондай-ақ, ведомство авторлар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттарына жүгінбегенін хабарлады.

"Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді.

Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді. Еліміз сондай-ақ, халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді.

Қазақстан Республикасы Еуропалық одақтың барлық институттарымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде өзара сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі.

Еуропалық парламенттің аталған қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған Қазақстан Республикасы президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді", - деп хабарлады ведомстводан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1952282-birzaqty-sipatqa-ie-sim-europarlamenttin-qazaqstandagy-zagdaiga-qatysty-qabyldagan-qararyna-pikir-bildirdi/