Президент минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу туралы заңға қол қойды
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды делінген құжатта.
Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесті. Жиын барысында президент халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын айтты.
Сондай-ақ, ол Қазақстандағы кен орындарының бәріне тексеріс жүргізу қажет екенін жеткізді.
"Табиғи ресурстарымызды барынша тиімді пайдалану керек. Үкімет барлық табиғи кен орындарына тексеріс жүргізіп, пайдаланылмай жатқан кен орындарын анықтап, оларды одан әрі игеру үшін жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту қажет.
Егер кен орны пайдаға аспай тұрса, онда оны алып, ақша салуға дайын адамға беру керек", - деп мәлімдеді президент.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы мемлекет мүддесін әлдебіреумен жақсы қарым-қатынас орнатудан жоғары қоятынын еске салды.
Ол қазіргі таңда Қазақстанға шынайы реформалар қажет екенін түртіп өтті.
"Ел өзгерді, біздің азаматтардың, қазақстандықтардың экономикалық жүйеге деген, тұтас өмірге деген көзқарасы да өзгерді. 11 қаңтар күні парламентте мәлімдегенімдей, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық шектен тыс деңгейге жетті. Сіздер жақсы білетін жемқорлық аясында (ал кәсіпкерлерге бұл құбылыс шын мәнінде жақсы таныс) табыстағы бұл алшақтық қоғамда "отқа май құюмен" тең болды.
Мұны террористер, содырлар мен қастандық жасаушылар да пайдаланып кетті. Қазіргі күні тергеу жүргізіліп жатыр. Олар туралы сіздер де, әлемдік қоғамдастық та білетін болады деп ойлаймын", - деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1952432-prezident-mineraldyq-tynaitqystar-sygaru-zauytyn-salu-turaly-zanga-qol-qoidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.