Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Жастар алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр

Опубликовано:

Көшедегі адамдар
Көрнекі фото: piqsels.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында қоғамда табысқа жетудің төте жолы жемқорлық пен алаяқтық деген қате түсінік орнығып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар, маңдай терін төгіп жұмыс істегісі келмейді. "Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен" жүргенді жөн көреді. Өйткені олар "бізде адал еңбек бағаланбайды" деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда", - деді президент.

Сондай-ақ, ол бұл қате түсініктер жойылу үшін масылдықтан арылу керектігін жеткізді.

"Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін білген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына мемлекетке де, жақындарына да масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды.

Тіпті жергілікті билікке қоқан-лоққы көрсетуден де тайынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1955194-toqaev-zastar-alayaqtar-men-zemqorlardyn-salqyp-omir-surip-zatqanyn-korip-otyr/

pixel