"Ең қорқынышты күн болады": Украина президенті кеңсесі жаңа шабуылдар туралы ескертті

Опубликовано:

Украина астанасы
Көрнекі фото: pixabay.com

Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Киевке зымыран шабуылы "болуы мүмкін екенін" жеткізді.

"Түрлі ақпарат көздері CNN-ге сілтеме жасап Киевке зымыран шабуылы үш сағатта күтіледі деп жазуда. Қазіргі уақытта бұндай соққылар "ықтимал" деп саналады", - деп жазды Арестович Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Кеңесші соққылар бейбіт тұрғындарға аса қауіп төндірмейді деп санайды. "Өйткені шабуыл әскери нысандарға бағытталған", деген пікірде.

Арестович бұл жолы Ресей тарапынан "әуе, десант, сызықтар мен жартылай шеңберлер шабуылдарын" күту керек екенін ескертті.

"Сондықтан ертең ең қорқынышты күн болады. Бүгінгіден де қорқынышты. Ертең олар бізді психологиялық тұрғыдан және ұрыс алаңында "сындыру" үшін барын салады", - деді Арестович.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзінің Twitter парақшасында Ресей әскері Чернобыль атом электр станциясын басып алуға тырысып жатқанын айтқан болатын.

Ал Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинада жүргізіліп жатқан әскери операция туралы айтып, мұны "мәжбүрлі шара" деп атады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1957880-en-qorqynysty-kun-bolady-ukraina-prezidenti-kensesi-zana-sabuyldar-turaly-eskertti/