"Аманат" партиясының логотипі жарияланды
Жарияланған күні:
Nur Otan партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов өзінің Facebook парақшасында партияның атауы ресми түрде "Аманат" деп өзгертілгенін хабарлады.
Ораловтың сөзінше, бүгінгі партияның кезектен тыс съезіне еліміздің түкпір-түкпірінен 393 делегат қатысқан.
"Тура 23 жыл бұрын 1 наурызда партияның құрылтай съезі өткенін білесіздер. Дәл осы күнге орайластырылған бүгінгі жиынның партия тарихындағы орны бөлек. Себебі біз бүгін партия төрағасының 28 қаңтарда өткен съезде модернизациялау бойынша берген тапсырмасы аясында дайындалған бағдарламаны талқыладық, оны съезд делегаттары бірауыздан мақұлдады.
Осыған орай парламент мәжілісіндегі Nur Otan партиясы фракциясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партия атауын AMANAT деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы, партия төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады", - дейді ол.
Сонымен қатар, съезд шешімімен партияның жарғысына тиісті өзгерістер енгізіліп, жаңа атауы мен белгісі бекітілген.
"Бұл – Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңарған партиямызға берілген айрықша жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім деп санаймын", - дейді Асхат Оралов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1958605-amanat-partiyasynyn-logotipi-zariyalandy/