Қытайдан Қазақстанға "Нұр жолы" пункті арқылы жүктерді тасымалдау мәселесі шешілді
Опубликовано:

Бүгін премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында кеден саласындағы мәселелер қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Кедендік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев баяндады.
Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚХР-мен шекарадағы "Алтынкөл" және "Достық – Теміржол" теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Қазіргі таңда 5 автожол өткізу пунктінің 4-і ашық және жүктерді қабылдап жатыр. “Қалжат” өткізу пункті бүгінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты ҚХР жағынан жабық тұр. Тараптар Қалжат-Дулаты қызметін қайта бастайтын нақты күндерді келісіп жатыр", — деді қаржы бірінші вице-министрі.
Үкімет Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға "Нұр жолы" өткізу пунктінде жүктерді ауыстырып тиеу мәселесін шешті, ал электрондық кезек ретке келтіріліп жатыр. Бұл орайда жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді.
Кеңес барысында премьер-министр қазіргі жағдайға байланысты туындайтын және болуы ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті.
Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың келесі отырысы 9 наурызда өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1959744-qytaidan-qazaqstanga-nur-zoly-punkti-arqyly-zukterdi-tasymaldau-maselesi-sesildi/