Үкімет басшысы: Тамара Дүйсенова ең тәжірибелі, іскерлік қабілеті өте жоғары басшылардың бірі

Опубликовано:

Әлихан Смайылов пен Тамара Дүйсенова
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұжымына жаңа басшы – Тамара Дүйсенованы таныстырды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Әлихан Смайылов қазіргі таңда eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында президенттің халыққа арнаған жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

"Үкімет халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындауы керек. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету, еңбек дауларының алдын алу бағытында тиімді жұмыс жүргізу қажет. Алға қойылған барлық тапсырмалар уақытында және сапалы орындалуы тиіс", — деді ол.

Үкімет басшысы Тамара Дүйсенованың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 20 жылдан астам уақыт бойы басшылық қызметтерде болғанын, елімізде еңбек қатынастарын қалыптастырып, әлеуметтік саясатты нығайтуға зор үлесін қосқанын атап өтті. 

"Тамара Босымбекқызы ең тәжірибелі, іскерлік қабілеті өте жоғары басшылардың бірі. Жаңа министр мемлекет басшысының сенімін ақтап, министрліктің жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймыз», — деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Тамара Дүйсенова 1965 жылы 11 қаңтарда дүниеге келген.

1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында орта мектепте информатика пәні мұғалімі болып бастады.

2014 жылдан 2017 жылға дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі лауазымын атқарды.

2017-2018 жылдары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

2020 жылғы 5 мамырдан бастап президентінің көмекшісі – президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1964452-ukimet-bassysy-tamara-duisenova-en-taziribeli-iskerlik-qabileti-ote-zogary-bassylardyn-biri/