Сенат референдум туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды

Опубликовано:

сенат11
Фото: Парламент сенатының баспасөз қызметі

Сенат депутаттары палатаның жалпы отырысында "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

4 мамырда Конституциялық кеңес "Қазақстан республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Конституцияға сәйкес деп таныды, оның ішінде Конституциядан Қазақстанның Тұңғыш президентінің мәртебесі туралы нормаларды алып тастау туралы түзетулердің де Конституция нормаларына сай екенін мақұлдады.

Осыған байланысты жоғарғы палата депутаттары "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңда Қазақстан республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгерту туралы мәселені республикалық референдумға түсетін сұрақтар қатарынан алып тастауды ұсынды.

Депутат Ләззат Сүлеймен атап өткендей, бұл конституциялық заңға соңғы рет түзетулер 1995 жылы енгізілген. Депутаттар бұл жолы ұсынған түзетулер заң терминологиясымен байланысты.

"Заң жобасы республикалық референдум өткізу кезінде пайдаланылатын сайлау бюллетенін сайлауда пайдаланылған сайлау бюллетеньдерімен бірегейлендіру мақсатында әзірленді.

Онда келесі түзетулер қарастырылған:

Біріншісі - қолданыстағы "Сайлау туралы" заңға сәйкес, бюллетеньде сәйкес келмейтін нұсқа сызылады, бұл жерде сайлаушы өз таңдауын белгілейді, яғни "сызу" сөзін "белгілеу" деген сөзбен ауыстыру ұсынылады; екіншіден, дауыс беру кезінде референдумға қатысушы өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қояды. Бұл ереже сайлауға да қатысты.

Түзетулер заңдық әдіс деп саналғанымен, ол дауыс беру, дауыстарды санау, республикалық референдум кезінде қорытынды шығаруда сенімділікті қамтамасыз ету үшін маңызды", - деп түсіндірді сенатор.

Депутаттың сөзінше, заңның қабылдануы ешқандай теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздемейді.

Сенат отырысынан соң БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ляззат Сүлеймен сенат заң жобасын неліктен мәжіліске қайтарғанын түсіндірді.

"Тұңғыш президент мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы Конституциялық Кеңеске қосымша үндеу жіберілді. Кеше Конституциялық кеңес жұмыс тобының кейбір мүшелерінің ұсынысын ескере отырып, оң қорытынды берді.

Оның тәртібі былай: мәжiлiс осы мәселенi қарай отырып, сенаттың түзетулерiн қабылдай алады. Егер қабылдамаса, келісім комиссиясы құрылады. Әңгіме референдум туралы заң жобасы жөнінде болып отыр, бұл тұңғыш президенттің мәртебесі туралы мәселені референдумға шығаруға болмайды деген сұрақты алып тастайтын 3-бап. Жоғарыда аталған қалған сұрақтар референдум туралы заңда қалды", - дейді депутат.

Еске сала кетейік, 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынған болатын.

Бұдан кейін мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин президенттің ұсынысына қатысты пікір білдірді. Ол референдум саяси жүйені жаңарту үшін қажет екенін атап өтті.

4 мамырда мәжіліс Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу туралы заң жобасын қарауды бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1968141-senat-referendum-turaly-zan-zobasyn-maziliske-qaitardy/