Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев 5 маусымды Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өтетін күн ретінде бекітті

Опубликовано:

Тоқаев1
Фото: Alexander Astafyev\TASS via Getty Images

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейнеүндеу жолдады. Мемлекет басшысының сөзін Борт №1 Telegram парақшасы жариялады.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.

"Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет.

Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді.

"Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар.

"Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс", -деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның жаңарған нұсқасында президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделгенін атап өтті.

"Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді",- деді ол.

Сондай-ақ, президент жаңа әрі әділетті Қазақстанны құрылатынына сенім білдірді.

"Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді.

Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет.

Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін!",- деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1968232-toqaev-5-mausymda-respublikalyq-referendum-otkizu-turaly-zarlyqqa-qol-qoidy/

pixel