Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Облыс бюджеті резеңке емес": Бозымбаев тегін үйірмелерді қаржыландыруға қатысты сұрақтың нүктесін қойды

Опубликовано:

Қанат Бозымбаев
Видеодан кадр: Instagram/alm_obl_akimat

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев "ArtSport" платформасы арқылы жүзеге асырылатын тегін үйірмелер мен секциялардың алдағы уақытта қаржыландырылуына қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл мәселе бойынша облыс басшылығына тұрғындар Еңбекшіқазақ ауданында өткен кездесуде сұрақ қойған. Аудан тұрғыны әкімге 1 маусымнан бастап күрес секциясы жабылатынын жеткізіп, Бозымбаевтан "ArtSport" бағдарламасын қолдауды өтінген.

"Күрес секциясы 1 маусымнан бастап жабылатын болды. Сізден өтінеріміз - үйірме, секциялар жұмысын тоқтатпасыншы. Оған күрес секциясына төлеуге мүмкіндігі жоқ 100-ден астам бала барып жүр", - дейді әкімге сұрақ қойған тұрғын.

Бозымбаев сол кездесуде аталған мәселеден хабардар екенін, биыл бағдарламаға қанша қаражат қарастырылғанын атап өтті. Алайда облыс басшысы "ArtSport" платформасы арқылы бюджет қаржысын игеріп отырған үйірме, секция ұйымдастырушыларына өз ескертпесін де айтты.

"Өткен жылы облыс "ArtSportқа" 2 миллиард теңге бөлді. Биыл облыс 9 миллиард теңге бөлді. Алайда облыста су жоқ, жол жоқ, кәріз жүйесі жоқ. Көп нәрсе жетіспейді. Бірақ біз бәрібір де 9 миллиаррд теңгені тауып беріп отырмыз.

Біз кім қандай балаларды неге үйретіп, оқытып жатқанын білмейміз. Өйткені біздің, облыстың мәдениет және спорт басқармасының қолында әлі күнге қанша баланың не үйренгені туралы ақпарат жоқ. Қандай нәтиже шыққанын да білмейміз.

Жақсы, біз осындай мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, оған ақша бөлдік. Бірақ облыс бюджеті резеңке емес. Мен бұны бірнеше рет айтқанмын. Біз қаржыландыруды жалғастырамыз, бірақ түскен табысқа байланысты бөлеміз. Қанша табыс бар, соған пропорцианал түрде бере аламыз. 20 миллиард бөлінеді деп үміттенудің қажеті жоқ", - деді Бозымбаев.

Осы ретте Алматы облысының әкімі бұл ақшаға қандай істерді атқаруға болатынын тізіп айтып берді.

"20 миллиард теңгемен мен Еңбекшіқазақ ауданының айналасын ретке келтірер едім, тұрғындардың таза ауыз су ішкенін, жолын жөндеп, жарықпен қамтамасыз еткен болар едім. Одан бөлек тағы 3-4 мектеп салуға болады. Бәлкім біреу скрипкада ойнай алмай қалар.

Сіздерге бірінші кезекте балаларды жақсыға, ұлы нәрселерге, мейірімділікке баулы болса, бізде бірінші ретте халыққа азық-түлік, таза ауыз су, баспана, денсаулық сақтау, базалық білім беру болып отыр.

Сіздер тонды өздеріңізге қарай тартып отырсыздар, ал тон өкінішке қарай келте, бәріне жете бермейді. Сондықтан тағы да айтамын, сіздер облысты қарызға батырмаңыздар", - деді Бозымбаев кәсіпкерлерге.

Ол биыл бұл бағдарламаны қаржыландыруға қаражатты қайдан тапқанын атап өтті.

"Бағымызға орай, биыл Қапшағайдағы ойын бизнесінен көп салық түсті. Біз сол ақшаны облыс бюджетіне алдық, егер осылай қарызға бата берсек, алдағы уақытта бюджетке мұндай ірі көлемде табыс түспеуі де мүмкін. Сондықтан абай болыңыздар, адамдарды алдамаңыздар. Сіздерде жұмыс істеп жатқан мұғалімдерді, қатысып жүрген балаларды да алдаудың қажеті жоқ. Мен "АrtSport-қа" қарсы емеспін, бірақ барлығы ақшаға байланысты. Сіздер алда қанша тексерістер болатынын біліп жүріңіздер.

Ата-аналар маған жеке хабарласып, айтып жатады. Баласы 4 рет қана қатысса да, 8 рет қатысты деп жазғызатынын да айтқан ата-ана бар. Ертең бәріңізден бюджет ақшасына есеп беру талап етіледі.

Бізде бірінші кезекте денсаулық сақтау, баспана, ауыз су, және халыққа базалық білім беру мәселесі тұр. Облыс бойынша 53 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқиды, 38 педагог жетіспейді. Сондықтан ақша болса береміз, болмаса жоқ. Мен бұл сұраққа қайта оралмаймын, осымен нүкте қойылсын", - деді Алматы облысының әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971587-oblys-byudzeti-rezenke-emes-bozymbaev-tegin-uiirmelerdi-qarzylandyruga-qatysty-suraqtyn-nuktesin-qoidy/

pixel