Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Міндетті түрде қатысамын": Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты ойын айтты

Опубликовано:

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: elbasy.kz

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа телефон арқылы сұхбат беріп, елдегі маңызды оқиғаларға қатысты пікір білдірді. Сұхбат кезінде ол алдағы Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістер туралы сөз қозғап, 5 маусым күні өтетін республикалық референдумға қатысатынын жеткізді. Аталған сұхбаттың мәтіні Әшімбаевтың Telegram-каналында жария етілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұрынғы президенттің айтуынша, ол бұл шараға міндетті түрде қатысады.

"Иә, 5 маусым күні мен міндетті түрде Конституцияда көрсетілген құқығымды пайдаланып, референдумға қатысамын. Мен елдің негізгі заңы – қатып қалған құқықтық жұрнақ емес, қазақстандық қоғамның тіршілігін, ондағы өзгерістерді көрсететін тірі механизм екенін үнемі айтып келемін. Өзгерістер бұрын да енгізілген.

Тұтас алғанда, егер бұл уақыт талабы болса және мұндай өзгерістер қоғамның ілгері жылжуына, демократиялық дамуына септігін тигізсе, әр буын негізгі заңға өзгеріс енгізуге құқылы деп ойлаймын.

Мен де басқалар секілді орын алып жатқан өзгерістің барлығы мемлекетіміздің және халқымыздың мүддесі үшін болса деп алаңдаймын", - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен бірге Ата заңдағы өзіне берілген артықшылықтарға да тоқтала кетті.

"Сондай-ақ мен үшін қашан да артымнан еліме, халқыма не қалдырам деген дүние бәрінен де маңызды. 2019 жылы мен көпшіліктің қарсылығына қарамастан, саналы түрде шешім қабылдап, мемлекет басшысы қызметінен кеттім. Мені қолдайтындардың көптігіне қарамастан, кеттім. Бұған 2015 жылы өткен соңғы президент сайлауы дәлел, онда маған сайлаушылардың 97,7% дауыс берген.

Иә, маған берілген белгілі бір артықшылықтар қалды. Бірақ бұл бірқалыпты саяси транзит және қоғам мен билік етуші топта туындауы мүмкін қайшылықтарды азайту үшін жасалды", - деді экс-президент.

Назарбаевтың айтуынша, ол осы уақытқа дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап келген.

"Конституцияға сай мен өзімнің Президент ретіндегі өкілеттіліктерімді сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырдым. Бұдан кейінгі жалпыхалықтық сайлауда ол жеңіске жетті.

Осы жылдар аралығында мен оның елімізді реформалау және одан кейінгі дамуына қатысты қолға алған шараларын барынша қолдап келдім. Осы жолы да қолдайтыныма күмәніңіз болмасын", - деп сендірді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971601-mindetti-turde-qatysamyn-nursultan-nazarbaev-konstituciyaga-ozgerister-engizuge-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel