Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елбасы Назарбаев университетінің қызметіне айтылатын сыни пікірлерге жауап берді

Опубликовано:

Назарбаев Университет
Назарбаев Университет. Фото: facebook.com/nuedukz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа эксклюзивті сұхбат беріп, Назарбаев университеті мен оны қадағалайтын қордың қызметіне байланысты айтылатын сынға қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сұхбат саясаттанушының Telegram-арнасында жарияланды. Онда Данияр Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтан "Назарбаев Университеті" мен оны қадағалайтын қорға қатысты айтылған сын туралы ойын және осы ұйымдардағы рөлі туралы сұрады.

"2011 жылы "Назарбаев университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қоры" мәртебесі туралы Заңға қол қойдым. Онда қор тек Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептердің қызметін қаржыландыру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым екені анық көрсетілген.

Әлемдегі көптеген университеттерде эндаумент қорлары бар. Біздің қор да соларға ұқсайды.

2000 жылы құрылған Нұрсұлтан Назарбаев қорының да бар екенін атап өткім келеді. Бұл қор тек білім берумен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, мәдени, халықаралық және қайырымдылық шаралармен де айналысады. Солардың ішінде менің бастамаларым – "Astana Club", "Қамқорлық", "Ел үміті".

Мәселен, "Қамқорлық" бағыты аясында республика өңірлерінде жыл сайын 5 мыңға жуық туа біткен кемістігі, тірек-қимыл аппаратының, жүйке жүйесі аурулары бар балаларға көмек көрсете алатын 8 оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында жалпы білім беретін мектептерде 16 бейіндік кабинет ашылды.

"Ел үміті" бастамасы аясында бірқатар білім беру жобасы жүзеге асырылуда, мақсаты – талантты жас қазақстандықтарды табу және қолдау. Қор сонымен қатар қазіргі әлемнің өңірлік және жаһандық сын-қатерлерін талқылайтын сарапшылық алаңға айналған Әлемдік экономика және саясат институтын (IMEP) және Мемлекеттік тілді дамыту қорын басқарады. Сонымен бірге қор жанынан цифрлық инновацияларды қолдау үшін IT кеңесі құрылды. Оның мақсаты – қазақстандық жастарға өздерінің IT-жобаларын ашуға және әлемдік нарыққа шығуға көмектесу.

Пандемия кезінде қордың қолдауымен миллиондаған қазақстандыққа елеулі көмек көрсетілгенін де атап өткім келеді.

Бұл екі қор тәуелсіз және бір-бірімен байланысы жоқ коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейді.

Сұрағыңыздың бірінші бөлігіне қайта оралсақ, "Назарбаев Университетін" құру жоғары білім берудің жаңа стандартын қалыптастыру үшін менің бастамам болғанын атап өткім келеді. Бүгінде ол Қазақстанның ғана емес, Азияның жетекші университетіне айналды. Бұл мақтануға тұрарлық нәрсе.

Джон Кеннеди: "Бізге бұрын болмаған нәрселерді армандай алатын адамдар керек" деген. Мен өз атымды беруге рұқсат берген бұл оқу орнының мақсаты – осындай тұлғаларды тәрбиелеу.

Университет болашақ көшбасшылар мен жоғары білікті мамандарды дайындайды. Бүгінгі таңда университет түлектерінің 92 пайыздан астамы Қазақстанда еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Осы жылдар ішінде 7 мыңнан астам адам университет түлегі атанды. Университетке түсу кезінде қатаң конкурстық іріктеу жүргізіледі. Университеттің өзінде жемқорлық жоқ.

Университет өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өткім келеді, сондықтан біз осы тиімді білім беру моделінің тетіктерін қабылдап, еліміздің басқа университеттерінде қолдануға тырысуымыз керек. Бұл процесс қазірдің өзінде жүріп жатыр.

"Назарбаев университетінің" қаржысын басқарумен, оның инвестициялық қызметімен, соның ішінде еліміздің жекелеген қаржы институттарына қатысты қызметпен университеттің Қамқоршылық кеңесі айналысты. Кеңес төрағасы болып сол кезде премьер-министр болған Кәрім Мәсімов келді.

Осылайша, оның құзыретіне университеттің де, сонымен қатар тиісті құрылымдардың да, оның ішінде жекелеген қаржылық ұйымдардың да қаржылық қызметі кірді.

Қазір Кәрім Мәсімовтің үстінен тергеу жүріп жатыр, оның жұмысының бұл саласын құқық қорғау органдары қадағалайды деп ойлаймын", - дейді Елбасы сұхбатта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971607-elbasy-nazarbaev-universitetinin-qyzmetine-aitylatyn-syni-pikirlerge-zauap-berdi/

pixel